KZNews.kz
Аймақ

Тереңқараны тұрмыстық қалдыққа толтырған кім?

KZNEWS

Таратып айтсақ, Кіші Алматы өзені мегаполис аумағын қақ жарып ағып келеді де, қос арнаға тарамдалып кетеді. Осы өзеннің сол жақ арнасы Тереңқара деп аталып, төмен құлдилайды. Ағыс жолын Іле ауданының аумағына арқылы жалғайтын жылға Қапшағай су қоймасына барып құйылады. Ал суы азая бастаған Қапшағай үшін қазір әр тамшының өзі сеп. Сондай-ақ, Алматының ішінен өтетін өзен арналары таудан аққан су ағысын реттеп, табиғи қауіп-қатердің алдын алатыны белгілі. Демек, қала маңындағы табиғи су арналарын қорғау өзекті.

Әңгіме осы өзеннің Ащыбұлақ ауылдық округі аумағынан өтетін тұсына қатысты. Тереңқараның ауыл аумағындағы жалпы ұзындығы 17 шақырым екен. Ал су қорғау аймағының ені 120 метрге созылады.

Мәселе былтыр басталыпты. Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Бахтияр Қасымбектің айтуынша, өзен жағасына жақын аумақты игеруге кіріскен кәсіпкер белгіленген аумақтан асып, су қорғау аймағына сұғына еніп кеткен көрінеді. Мұнымен тоқтамаған жер иесі жылғаға тас, топырақ төгіп, құрылыс қалдықтарымен толтыруға кіріскен. Сондағы көздегені тиесілі аумағын кеңейту болса керек. Мұны байқаған тұрғындар әкімдікке шағымданған. Істен хабардар болған белсенді экологтар да дабыл қаққан. Алайда, заңсыз құрылысты тоқтату үшін арада бір жылдай уақыт өтіпті.

Экологтардың араласуынан кейін құзырлы органдар мән-жайды анықтап, жер иесіне ескерту беріпті. Экологиялық заң бұзушылық анықталып, хаттама да толтырылған екен. Бірақ, тарылған өзен арнасын тазалау мен қайта қалпына келтіру жұмысы істелмеген. Биыл Алматы облысы бойынша экология департаментінің тексерісі нәтижесінде оған 275 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда бұл талап әлі күнге дейін орындалмаған. Ал әкімшілік хаттамада көрсетілген талаптардың орындалуын тиісті деңгейде қадағаламағаны үшін прокуратура ауыл әкімі Бахтияр Қасымбекке де әкімшілік айыппұл салған. Қадағалау органы оны уақтылы әрекет етпеді деп таныған. Әкімнің өзі бұл шешіммен келіспей, сотқа шағымдануға ниетті екен. Себебі дәл оның бастамасымен бұл мәселе алғаш көтеріліп, облыстық деңгейге жеткізілген-мыс.

- Тексеру барысында Түймебаев ауылындағы жер телімінің иесі аумақты өз бетінше тегістеп, өзеннің табиғи арнасын ішінара жауып тастағаны анықталды. Мұндай әрекеттер өзеннің тереңдігі мен ағысын өзгертеді. Бұл жағдай жергілікті билік назарынан тыс қалмады. Ащыбұлақ ауылдық округі әкімдігі заң бұзушылықты жою және жерді қалпына келтіру бойынша материалдарды сотқа жолдауға дайындық жүргізіп жатыр, - делінген Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты берген ресми жауапта.

Қазіргі өзенге төнген экологиялық қауіпке қатысты барлық құжаттар Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясына, Экология департаментіне және Алматы облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Айтпақшы, өзен арнасын өз бетінше меншіктеп алып, ойына келгенін істеген жер иесі - кәсіпкердің аты ресми хабарламада аталмады...

Қалмаханбет Мұқаметқали

KZNEWS
Автордың басқа материалдары