Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа орталық бакалавриат студенттеріне, магистранттар мен PhD докторанттарға арналған. Мұнда жас зерттеушілер идеяларын тәжірибе жүзінде сынап, жобаларын инвесторларға таныстыра алады. Негізгі мақсат – жастардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын бастамаларды қолдау.
Жалпы ауданы 3 мың шаршы метр болатын бес қабатты ғимарат 250 адамға есептелген. Орталықта 15 оқу кабинеті, заманауи конференц-залдар мен асхана бар. Өзге өңірлерден келетін жас зерттеушілер үшін қонақүй үлгісіндегі 20 орындық жатын орын да қарастырылған.
Орталық жаратылыстану-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және педагогикалық-шығармашылық бағыттар бойынша жұмыс істейді. Мұнда ғылыми конференциялар, форумдар, интеллектуалдық сайыстар мен марафондар ұйымдастырылады. Үздік жобалар мен стартаптарды дамытуға арналған акселерациялық бағдарламалар өткізіліп, жас зерттеушілерге стипендиялық қолдау көрсету жүйесін жетілдіру көзделген.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген саяси ғылымдар докторы, профессор Киікбай Жаулин орталықтың жастарды ғылымға баулудағы маңызын атап өтті.
– Алдағы уақытта мұнда ғалымдар, ғылым докторлары, профессорлар мен академиктер бас қосып, жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосады деп сенемін, – деді ол.
Орталық директоры Марат Ұлықпановтың айтуынша, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Болашақта шетелдік ғалымдарды да орталық жұмысына тарту көзделген.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының ғылымға қызығушылығын арттыратын және әлеуметтік осал топтардан шыққан жастарды қолдайтын бағдарламалар жүзеге асырылады.