KZNews.kz
Әлем

Тәжікстанда ер адам 15 жастағы ұлын азаптап өлтірді деген күдікпен ұсталды

Ayzhan Sylanova
Фото: Asia-Plus

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 26 шілдесінде болған. Тергеу мәліметінше, ер адам баласын мамыр мен шілде айларында жоғалған ақшаға (жалпы 1 400 сомони) байланысты күдікке алған. Ақшаның жоғалуына күмәнданған ол баласын «Тико» көлігіне отырғызып, Турсунзадедегі Навобод жамоатына апарған. Сол жерде жасөспірімнің аяғына екі метрлік сым байлап, екінші ұшын көлігіне бекітіп, шамамен 100 метрге сүйреткен. Ауыр жарақат алған бала көп ұзамай үйінде көз жұмған.

Күдіктіге қатысты Тәжікстан Қылмыстық кодексінің 110-бабы 3-бөлігі бойынша («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда адам өліміне соқтыру») қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.

Ресми ақпаратта баланың аты-жөні жарияланбағанымен, «Озоди» радиосының деректеріне сүйенсек, марқұмның есімі — Хисрав Одинаев, ал күдікті әкесі — Назари Парвиз Одинаев.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бірнеше күн бұрын әкесі ұлын насыбай қолданғаны үшін ұрып-соққан. Келесі күні жасөспірім үйден қашып кетіп, тағы 600 сомони алып, Душанбедегі әпкесінің үйіне барған. Алайда әпкесі бұл туралы әкесіне хабарлап, баланы қайта алып кетуін өтінген.

Баланы қайтарып келе жатқан жолда күдікті ұлын көлікпен сүйретіп, азаптап, бұл сәтті видеоға түсіріп, ақша мен насыбайға қатысты сұрақтар қойған. Жасөспірім ақша жұмсағанын мойындағанымен, насыбай қолданбағанын айтқан. Осыдан кейін әкесі оны үйдің жертөлесіне қамап, жақындарын ол жаққа жолатпаған.

Келесі күні таңертең баласының халі нашарлағанын көрген ол жергілікті дәрігерді шақырған. Бірақ дәрігер келген сәтте жасөспірімнің көз жұмғанын анықтаған. Ерлі-зайыпты баланың өлімін жасыру мақсатында денесін жуып, туған ауылдары Балджувонға жерлеуге апармақ болған. Алайда жолда полиция оларды ұстап үлгерді.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша тергеу жалғасуда.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары