Әнші Төреғали Төреәлі Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен қайта жүздескенін айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялады. Өнер иесі кездесудің өзіне ерекше әсер еткенін жеткізіп, ағаға деген құрметін білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Жанашыр ағалар болады… 13 қазан Нұрлыбек Машбекұлы ағамның туған күні. 14 қазан менің туған күнім.
Бір күннің аралығында туған, Сырдың топырағынан түлеген бізді тағдырдың осылай тоғыстырғанына да бір сәт ой жүгіртесің.
Уақыт деген кейде адамдардың арасын алыстатқанымен, көңілдегі сыйластықтың бағасын ұғындыратын сияқты», – деп жазды әнші.
Төреғали Төреәлінің сөзінше, бұл жүздесу жай ғана амандық сұрасумен шектелмеген. Олар сырласып, ой бөлісіп, алдағы жоспарлар мен ортақ мүдделер төңірегінде әңгіме өрбіткен.
«Міне, бүгін қайта қауыштық. Бұл кездесудің мен үшін орны бөлек. Жай ғана амандық сұрасып, өткенді еске алумен шектелмедік. Сырластық, ой бөлісу, мүдде тоғыстыру, алдағы күндер туралы әңгіме өрбіді.
Кейде бір адамның жанында отырып-ақ, талай жылдан бері айтылмай жүрген ойларыңды ақтарғың келеді. Өйткені кейбір адамдармен әңгіменің өзі бөлек, үндестіктің өзі бөлек», – деп әсерімен бөлісті ол.
Сонымен қатар әнші Нұрлыбек Нәлібаевтың өнер адамдарына, әсіресе айтыс ақындарына қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, адамдар арасындағы сыйластықтың қадірі уақыт өте келе тереңірек сезіледі.
«Нұрлыбек аға жалпы өнердің, өнерпаздардың жанашыры. Айтысқа деген құрметі ерекше. Ақындарымызды да қолдап келе жатыр. Осындай қайта табысудың қадірін уақыт өте келе тереңірек түсінеді екенсің», – деді Төреғали Төреәлі.
Өнер иесі кездесуден кейін көңіліне жылылық ұялап, болашаққа қатысты жақсы ойлар түйгенін де жасырмады. Оның айтуынша, кейбір жүздесулер жаңа бастамаларға жол ашуы мүмкін.
«Өмірде кіммен қанша жыл араласқаныңнан бұрын, қайта кездескенде қандай күйде қалатының маңызды шығар. Ал бүгінгі жүздесуден көңілге жылылық, ойға жаңа бағыт, ертеңге деген жақсы ниет түйіп қайттым.
Бәлкім, кейбір кездесулер дәл өз уақытында болады. Бұрынғы әңгімені жалғап қана қоймай, жаңа бір парақтың ашылуына себеп болады», – деп жазды әнші.
Жазбасының соңында Төреғали Төреәлі Нұрлыбек Нәлібаевты туған күнімен құттықтап, ғұмырының ұзақ, өмірінің берекелі болуын тіледі. Сондай-ақ ел игілігіне бағытталған істерге әрдайым ұйытқы болуына тілектестік білдірді.
«Нұрлыбек аға, туған күніңіз құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, ғұмырыңыз ұзақ, берекелі болсын. Қазақ елінің абыройын асқақтатып, елге пайдалы істердің басынан табыла беріңіз!
“Біз жақта тау жоқ, бірақ тауыңды қопарып тастайтын ағалар бар…”», – деп түйіндеді ол.
Осылайша әнші Нұрлыбек Нәлібаевпен қайта қауышудың өзіне ерекше әсер еткенін айтып, оған деген сыйластығы мен құрметін көпшілікке жеткізді.