Тараздағы таразы: Қарашөкеев қант зауытын жаңғыртуға бюджет қаржысын жұмсады ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тараздағы таразы: Қарашөкеев қант зауытын жаңғыртуға бюджет қаржысын жұмсады ма?

Тараздағы таразы: Қарашөкеев қант зауытын жаңғыртуға бюджет қаржысын жұмсады ма?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Азаматтық қоғамның бюджет ашықтығына қатысты сұрағы көбейген жерде түрлі дау туындайтыны белгілі. Дәл осы мәселе қазір Жамбыл облысындағы қант зауытын сатып алған ресейлік ағайынды кәсіпкерлердің басын дауға қалдырып отырған сияқты...

Жалпы, Тараз қант зауытын ресейлік кәсіпкерлер Демидовтар сатып алуы мүмкін деген ақпарат қоғам назарын бұған дейін де аударған болатын. Алайда, бүгінгі әңгімеде зауыттың меншік иесінен бұрын, оны жаңғыртуға жұмсалған 12,4 млрд теңгенің қайдан келгені және қалай жұмсалғаны маңыздырақ мәселе болып тұр.

Бірден айтайық, әлеуметтік желіде кәсіпорынды жаңғыртуға бюджет қаражаты бөлінгені туралы әңгіме желдей есіп жүргелі біраз болған. Бірақ, әзірге бұл ақпаратты толық растайтын немесе жоққа шығаратын ресми қаржылық мәлімет жарияланған жоқ.

Біз бұл мәселеге ашық дереккөздердегі мәліметке сүйене отырып талдау жасап көруге тырыстық. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігінің ресми хабарламаларында Тараз қант зауытын жаңғырту жобасының жалпы құны 12,4 млрд теңге екені айтылған. Жоба 2025 жылы басталып, құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Әкімдік мәліметтерінде кәсіпорынға жер телімдерін рәсімдеу, газ және электр қуатын арттыру бағытында мемлекеттік қолдау көрсетілгенін де жасырмайды.

Алайда, осы қолдаудың нақты құны мен қаржыландыру көзі ешбір құжатта көрсетілмеген. Сондықта, 12,4 млрд теңгенің қаншасы жеке инвестордың қаражаты, қаншасы мемлекеттік қолдау есебінен жұмсалғаны белгісіз күйде қалып отыр.

Әрине, бұл жерде бір мәселені ажыратып алған жөн. Инвестордың қалауына орай жер телімдерін рәсімдеу немесе инженерлік инфрақұрылымға жағдай жасау мемлекеттік қолдаудың бір түрі. Яғни, Жамбыл облысындағы бұл жобаға республикалық немесе жергілікті бюджеттен тікелей қаржы бөлінді дегенді автоматты түрде білдірмейді. Соған қарамастан, Тараз қант зауытына инвестициялық субсидия, жеңілдетілген несие немесе өзге де мемлекеттік қаржыландыру тетіктері пайдаланылды ма деген сауал ашық күйінде қалып отыр.

Айтпақшы, зауыттың меншік иесіне қатысты да нақты ақпарат аз екен. Ашық дереккөздерге қарасақ, 2023 жылдан бергі ақпараттарда ресейлік кәсіпкер Павел Демидовтің Тараз қант зауытына қатысы бар екені айтылуда. Бірақ, ресми мәміле құжаттарынсыз бұл келісімді расталған факт ретінде қабылдауға болмайтыны және бар. Егер Жамбыл облысы әкімдігі қант зауытын толық модернизациядан өткеннен кейін ғана инвесторға беру туралы шешім қабылдаса, онда жоғарыда айтылған 12,4 млрд теңге бюджет қаржысына қатысты сұрақтың туындауы орынды болмақ.

Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке бірнеше сауал жолдауға негіз бар.

Біріншіден, Тараз қант зауытын жаңғыртуға жұмсалған 12,4 млрд теңгенің қанша бөлігі республикалық бюджеттен, қанша бөлігі жергілікті бюджеттен және қанша бөлігі жеке инвестиция есебінен қаржыландырылды?

Екіншіден, жоба аясында мемлекеттік субсидиялар, жеңілдетілген несиелер немесе өзге де қаржылық қолдау көрсетілді ме? Егер көрсетілсе, олардың жалпы көлемі қанша?

Үшіншіден, зауыттың газ және электр қуатын арттыруға, инфрақұрылымын дайындауға бюджеттен қанша қаражат жұмсалды?

Төртіншіден, жаңғыртуға жұмсалған қаржының мақсатты пайдаланылуына аудит жүргізілді ме?

Тоқетерін айтқанда, Жамбыл облысының әкімі бұл сұрақтардың инвестордың жұмысына күмән келтіру үшін емес, мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қойылып отырғанын түсінеді деген ойдамыз және ресми жауап күтеміз.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.