KZNews.kz
Қоғам

Таразда бойжеткенді көптің көзінше күштеп, көлікке салып алып кеткен

Ayzhan Sylanova
Фото: http://www.k-news.kg

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада бірнеше ер адамның бойжеткенді көлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткені байқалады.

Алдын ала мәліметке сәйкес, қызды тұрмысқа шығу мақсатында алып қашқан болуы мүмкін. Кейін ол босатылып, ешқандай дене жарақатын алмағаны белгілі болды.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл жағдай әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде анықталған.

«Тараздағы автобус аялдамаларының бірінде қыздың ұрланғаны туралы ақпарат анықталды. Полиция оқиға бойынша тергеу жүргізіп, қатысушылардың барлығын тапты. Белгілі болғандай, тараптар бірін-бірі таныған және өзара шағымдары жоқ», — делінген полиция хабарламасында.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы («Адам ұрлау») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп, құқықтық баға беруге бағытталған қосымша шаралар жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, жақында Қылмыстық кодекстің 125-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, адам ұрлағандарға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары