Қазақстандық КТК ойыншысы Ақылбек Скендиров пойызда жасаған құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салды.
Оқиға Қызылорда – Павлодар бағыты бойынша жүретін пойызда болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам мас күйде болып, балағат сөздер айтып, жолаушыларға тиісіп, оларды қорлаған.
Кейін оның КТК ойыншысы екені анықталған. Осыдан кейін көліктік полиция оған қоғамдық орында мас күйде болу және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша әкімшілік іс қозғаған.
Өз кезегінде Ақылбек Скендиров әлеуметтік желідегі парақшасында болған жағдай үшін кешірім сұраған.
Айта кетейік, Қазақстанда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.