Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздарды аттестациядан өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілетінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы министр елордада өткен орталық атқарушы органдар мен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында мәлімдеді. Жиында педагогтер тарапынан магистратураны аяқтаған мұғалімдерге біліктілік санатын автоматты беру туралы ұсыныс көтерілген.
Министр бұл ұсыныспен келіспейтінін ашық айтты:
"Магистратура бітірген ұстаздарға бірден біліктілік санатын беру – дұрыс емес. Орта білім жүйесінде мұғалімнің кәсіби деңгейі оның сабақ беру шеберлігі арқылы бағалануы тиіс", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ соңғы уақытта көп талқыланған педагог-зерттеушілердің авторлық бағдарламаларына қатысты да пікір білдірді. Министрлік педагог қауымының ұсыныстарын ескере отырып, аттестаттау қағидаларын қайта қарастыруда.
Кездесу барысында министр ауылдық елді мекендердегі шағын жинақты мектептерге нақты қолдау шаралары қолға алынатынын атап өтті. Білім сапасын арттыру, мұғалімдерді тарту және қолдау бағытында жаңа бастамалар іске асырылмақ.
Танымал мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазақызы өзінің парақшасында алдағы видеода министрдің аттестаттауға қатысты жауаптарын жариялайтынын айтып, көпшіліктен пікір қалдыруды сұрады.
Желі қолданушыларының реакциясы әртүрлі болды. Министр пікірін қолдағандар мұғалімнің кәсіби деңгейі дипломмен емес, нақты жұмысымен бағалануы тиіс екенін алға тартты. Қарсы пікір білдіргендер магистратураның еңбегі ескеріліп, біліктілік санатын оңайлату қажеттігін айтты. Кейбірі "мектепке ғылыми дәрежесі бар, бірақ тәжірибесі жоқ кадрлардың жиналуы дұрыс емес" деп сын айтты.
Бүгінде Қазақстанда 600 мыңға жуық педагог қызмет етеді. Аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесі солардың барлығына әсер ететіні анық.