Исламтанушы-теолог Асқар Сабдин тәңіршілдік өкілдері де заң аясында жауапқа тартылып жатқанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
– Тәңіршілдер де қазіргі таңда жауапқа тартылып жатыр. Білуімше, Шымкент қаласында бір мектеп мұғалімі екі жылға сотталды. Кейбір өзін тәңіршілміз деп жүрген адамдар дінаралық алауыздықты қоздырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, – деді ол.
Сарапшы Қазақстан заңнамасы барлық азаматқа бірдей екенін атап өтті.
– Бізде Қылмыстық кодекстің 174-бабы бар. Ол жерде дінаралық, ұлтаралық және басқа да алауыздықты қоздыруға болмайтыны нақты көрсетілген. Сондықтан тәңірші де, мұсылман да, басқа дін өкілдері де ел ішінде алауыздық туғызбауы керек, – деді Асқар Сабдин.
Оның айтуынша, қоғам тұрақтылығы бәрінен жоғары тұруы тиіс.
– Біз бәріміз бір қоғамда, бір кемеде кетіп бара жатқан жолаушылар секілді өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бірлік пен бейбітшілікті сақтау – ортақ міндет, – деді теолог.