KZNews.kz
Қоғам

Талғарда тұру неге қауіпті, Сұлтанғазиев мырза?

Қалмаханбет Мұқаметқали
Фото иллюстрация: kznews

Алматы сияқты алып мегаполистен таяқ тастам жердегі Талғарда қылмыстық ахуал сын көтермейді. Біраз бұрын орын алған "Шерзат оқиғасы" қоғамды дүр сілкіндіріп, бұл аймақтағы заң мен тәртіп қағидасының қайшылықтарын анықтап берген. Жақында осы ауданның аумағында тағы бір жантүршігерлік оқиға болып, адамды атып өлтіру мен бала ұрлау қылмысы орын алды. Әлеуметтік желілер арқылы жылдам таралып, ел талқысына түскен қайғылы жағдайдан кейін қоғамда "Талғарда тұру қауіпті болып барады..." деген пікір айтыла бастады. Қазір кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ісі аяқталып, қандықол қылмыскерлер жазасын алған. Ал күні кешегі оқиғаға кінәлі адам да ұсталып, тергеу жүріп жатыр. Алайда, қоғамға қозғау салған сауалдың басы ашық қалды.

Жалпы, мегаполис маңындағы елді мекендерде қылмыстық оқиғалар жиі болатыны жасырын емес. Алматымен шектесетін облыстың үш ауданындағы құқықтық жағдайды сараласақ, кримогендік ахуалдың асқынып тұрғанын байқаймыз. Бас прокуратура мәліметінше, 2024 жылы Алматы облысындағы ең көп қылмыс тіркелген аудандардың үштігіне Қарасай, Талғар және Іле аудандары кіреді екен. Мәселен, былтыр Қарасай ауданында 2610 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі тіркелсе,  Талғар ауданында 1 912 оқиға тіркелген. Яғни, аймақтағы 10 000 адамға шаққанда қылмыс саны бойынша жіктегенде, өткен жылы Талғар ауданының 178 тұрғыны қылмыс істеп ұсталған болып шығады. Ал Іле ауданында бұл көрсеткіш 146 құқық бұзушылықты құраған. Жалпы, аталған үш аудандағы кримогендік ахуал тұтас облыстағы қылмыс көрсеткішінен асып кетіп отыр, облыс бойынша орташа дерек 116 оқиға шамасында. Демек, құзырлы органның деректерін саралай келгенде Талғардағы кримогендік жағдай дабыл қағарлық деңгейге жетті деп айтуға негіз бар.

Жағдай неге күрделеніп отыр? Алақандай аудандағы қылмыстық ахуалдың бұлай өршуіне бірнеше фактор әсер етеді деген пайым бар. Біріншіден, аудан аумағындағы ішкі миграцияның бақылаудан шығып кетуі де кері әсер етуде. Басқа аймақтардан көшіп келушілердің көптігі өңірдегі әлеуметтік проблеманы арттырды. Жұмыссыз адамдардың көбеюі, баспана тапшылығы, әлеуметтік қажеттіліктердің өтелмеуі жергілікті атқарушы биліктің бас ауруына айналды. Бұл өз кезегінде ауыз сумен, мектеппен, емханамен қамту мәселесін туғызып қана қоймай, жер саудасына деген сұранысты да арттырған. Ал сауда қызған жерде заңсыздық та орын алып жатады. Бұған аталған аудандағы билікті асыра сілтеу, жемқорлық фактілері бойынша анықталған жағдайлар дәлел. Кейінгі 5 жылдың ішінде ауданда үш әкім ауысып, ондаған шенеунік түрлі себептермен қызметтен қуылған.

Екіншіден, Талғар ауданындағы кримогендік ахуалды оңалтуға заң мен тәртіпті қадағалаушы органдар дәрменсіздік танытып отыр деген пікір бар. Әсіресе, аумақта полицияның беделіне қатысты сын көп айтылады. Былтырғы Шерзат Полат өлімімен кейін құқық қорғау саласындағы "тазалау" еш нәтиже бермегенін жақындағы оқиға көрсетті. Полицияның әрекетсіздігіне қатысты прокуратура органы қылмыстық іс қозғады. Оның нәтижесіне алдағы уақытта ораламыз. Жалпы, Талғардағы қылмыспен күресудегі олқылық еліміздегі құқық қорғау органдары реформасының тиімсіздігін дәлелдейтіндей.

Үшіншіден, аудандағы кримогендік ахуал Алматы облысының атқарушы билігіне қатысты ел сенімінің азайғанын да көрсеткендей. Қоғам тарапынан қазіргі облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қызметіне сын көбейген. Әсіресе, әлеуметтік бағыттағы проблемалардың қордалануы аймақ басшысының өңірдің дамуына қатысты жұмысындағы біржақтылықты байқатады. Ел аузында қазір облыс әкімі салық түсімдерін арттыру, инвестиция тарту бағытында ғана жұмыс істеп, иделогия мен әлеуметке жауапты кадр таңдауға маңыз бермей отыр деген пікір бар. Әкімдік орынтағына отырғалы үш жылдан астам уақыт ішінде Сұлтанғазиев өз орынбасарларын, аудан әкімдерін, басқарма басшыларын жиі ауыстырып келеді. Оның ішінде жемқорлыққа қатысты айыппен ұсталған кадрлар да бар. Мысалға, Іле ауданың бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты жағдай.

Біз бұл жерде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке қатысты "тырнақ астынан кір іздеуден" аулақпыз, дегенмен қоғамдық пікір таразысынан ауытқуға болмайды. Өйткені, аймақтағы жағдайға әкім жауапты.

Айтпақшы, біраз уақыт бұрын Сұлтанғазиевтің басы тағы дауға қалған еді. Алматы қаласының Бағанашыл шағын ауданындағы мектеп-интернат тәрбиеленушілерін Қонаев  қаласындағы ғимаратқа көшіруге қатысты дау туып, мәселеге Президент Тоқаевтың өзі араласуға мәжбүр болған. Сол кезде қоғам белсенділері мен депутаттар да облыс әкімінің жұмысын сынға алып, оның отставкасын талап еткен болатын. Ал қоғамда "Бағанашыл кейсі" деген атпен танымал болған жағдайдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы және білім басқармасы басшысы қызметінен кетті.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары