Алматы облысы Талғар ауданында 20 жастағы Нигина Жағыпарова таңғы уақытта өз аяғымен ауруханаға барып, араға бірнеше сағат салып үйінде қайтыс болған. Марқұмның жақындары да, медициналық мекеме де оқиғаның себебіне қатысты әртүрлі болжам айтып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Orda.kz жазуынша, қайғылы жағдай 10 қаңтар күні таңертең болған. Нигина кеудесі қатты қысқанын сезіп, әжесін оятып, сол мезетте ауруханаға баруды ұйғарған.
«Ол өзінің көкірегі қысып тұрғанын әжесіне айтып, таңғы сағат бестің шамасында ауруханаға барған. Дәрігерлер талдау алып, электрокардиограмма мен рентген жасады. Анализдері таза, ЭКГ-да жақсы. Бірақ рентген қолқа ға суық тигенді көрсеткен. Содан кейін қызға сол жерде, қабылдау бөлмесінде преднизолон және басқа да бір препараттар салды. Бұл ауруды басу үшін екенін айтты», - деді Нигинаның ағасы Рехимжан Мусаров.
Туыстарының айтуынша, тексерістерден кейін қызды үйіне қайтара салған. Алайда отбасы бұл шешімге бірден күмәнмен қарағанын айтады.
«Оларға пульмонолог керек екенін айтқан, алайда бізде ондай нәрсе жоқ. Әжесі екеуі үйге қайтып кейін олар маған хабарласты. Мен оларға қайтадан ауруханаға баруды, дәрігерлермен қызды ауруханаға жатқызу туралы өзім сөйлесетінімді айттым. Пневмониямен ауырып жатқан адамды қалайша жібере салуға болады? Шамалы уақыт болсын, ондай аурумен ауырып тұрған адамға қарайласу керек қой», - деді ол.
Нигина қайта баруға келіскенімен, алдымен аздап көз шырымын алайын деген. Алайда көп ұзамай үй ішін есеңгіреткен суық хабар жеткен.
«Кейін маған оның әжесі хабарласып, қызды оятайын десе, ешқандай да реакция жоқ екенін айтты. Мен үйге жедел жәрдеммен бірге кірдім. Үйге кірсем - қыз қайтыс болған».
Марқұм әжесімен және туған ағасының отбасымен бір шаңырақта тұрған. Ал ата-анасы басқа қалаға көшіп кеткен. Жас қыз жеке кондитерлік мекемеде еңбек еткен әрі сәуір айына жоспарланған тойына дайындалып жүрген.
Отбасы Нигинаның бұрын-соңды ауырмағанын, ауруханаға барғанда да талдауы мен кардиограммасы «жақсы» болғанын алға тартады. Сол себепті жақындары оның неден көз жұмғанын түсіне алмай отырғанын айтады.
«Менің нұсқам бойынша, өлімнің себебі оған салған препараттар деп топшылаймын. Мүмкін оған жақпайтын реакция берді ме?! Мен анализдерді өзімнің таныс дәрігерлерге көрсетіп едім, олар барлығының таза екенін айтты. «Егер мәселе жүректен болса, онда неге тексермеген» деді».
Нигина Жағыпарованы 12 қаңтар күні ақтық сапарға шығарып салған. Қазір отбасы өлімнің нақты себебін анықтайтын сараптаманың толық қорытындысын күтуде.
Ал Талғар орталық аудандық ауруханасы науқасқа қажетті көмек көрсетілгенін айтып отыр. Емхана әкімшілігінің жауабында: «Сот-медициналық сараптаманың алдын ала мәліметтері бойынша, өлімге тамырлардың өткір патологиялық жағдайы, атап айтқанда жүрек тампонадасы себеп болған. Ол қолқа аневризмасының көп қабатты жыртылуы нәтижесінде дамыған», - делінген.
Дегенмен, соңғы нүктені сараптама толық аяқталғаннан кейінгі қорытынды қояды. Полиция өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, медицина қызметкерлері тарапынан көмек дұрыс көрсетілді ме, жоқ па — тергеу соны анықтамақ.