KZNews.kz
Әлеумет

Талдықорған тұрғыны өзінің "тірі екенін" дәлелдей алмай жүр

KZNEWS
Фото иллюстрация: kznews

Талдықорған тұрғыны Юлия Скрыльникова бірнеше күннен бері өзінің тірі адам екенін дәлелдей алмай жүр. Ол енді құжат бойынша өлілер санатына қосылып, ресми тіркеу жүйесіндегі барлық деректері өшірілген "елеске" айналып отыр. 

Жағдай былай болған: Юлияның анасы Валентина Скрыльникова ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады да, жерлеу рәсімін жасау үшін қаладағы 2-емханаға "Қайтыс болғаны туралы" куәлік алуға келеді. Өтінім қабылдаған емхана қызметкерлері жерлеу рәсіміне қажетті құжатты жылдам дайындап берген. Бірақ... өз ісіне немқұрайлы қараған дәрігерлер қайтыс болған анасының орнына Юлияны "өлді" деп жазып жіберіпті. 

Қара жамылған отбасы сол жерде шу шығарып, дәрігерлерден куәлікті қайта жасауды талап етеді. Дәрігерлер "Қайтыс болғаны туралы" куәлікті қайта жазып береді. Алайда, іс мұнымен бітпеген екен.

Арада апта өтпей қызық басталады. Юлияның барлық есеп-шоттары бұғатталып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ұйымының жұмысы аяқ асты тоқтайды. Бірден салық органдарына хабарласқан Скрыльникова естіген жауаптан есеңгіреп қалады.

– Мен тірілердің санатынан сызылып қалыппын. Мемлекеттік құжаттар базасындағы ЖСН өшірілген, себебі барлық дерекқорларда менің "Қайтыс болғаным" туралы куәлік тіркеліп тұр. Бұған біздің шаласауатты, жауапсыз дәрігерлер кінәлі, олар базадағы деректерді қате толтырған күйінде қалдырған. Біздің талабымыздан кейін де түзетпеген, – дейді тірілер тізімінен сызылып қалған Юлия Скрыльникова.

Қазір ол шарасыз күйде. Адвокат жалдап, өзінің тірі екенін дәлелдеуге тырысып жүр. Алайда ресми дерекқорда жоқ адам ретінде Юлияға заңды түрде қызмет көрсету мүмкін емес екен...

Қ.Мұқаметқали

KZNEWS
Автордың басқа материалдары