Балаларға қатысты әлімжеттік оқиғаларының тым көбейіп кетуі қоғамды ойландыруы керек. Ал кейбір жағдайдың адам өлімімен аяқталуы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс ахуалының асқынғанын білдіреді. Яғни, бұл жағдай буллинг сатысынан өтіп, кримогендік ситуацияға айнала бастағаны анық.
Кейінгі деректерді саралап көрген сайын мәселенің дабыл қағарлық деңгейге жеткенін байқаймыз.
Мысалы, жақында Алматы облысының Талғар ауданында тағы да бір жантүршігерлік оқиға болды. Жасөспірімдер арасындағы жанжал оқушының өлімімен аяқталды. Бұл оқиғаның астын сызып, "тағы да" деп ерекшелеуіміздің себебі бар. Бұған дейін осы Талғар қаласында кәмелетке толмаған Шерзат Полатты бір топ адам ұрып, соғып, пышақтап өлтірген болатын. Қоғамда "Шерзат ісі" деген атаумен ұзақ талқыға түсіп, үлкен резонансқа ие болған қылмыс ісі аяқталып, кінәлілер сотталған. Ал күні кеше болған оқушы өлімі аталған аймақтағы ахуалдың оңалмағанын, әсіресе балаларға қатысты тәртіп пен тәрбие, құқықтық қадағалау сияқты міндеттердің орындалмай отырғанын көрсетті. Демек, Шерзат оқиғасынан талғарлық тұрғындар мен тиісті қадағалау орындары сабақ алмағанға ұқсайды.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы жанжалдың соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Қазір оқиға бойынша "адам өліміне әкеп соққан дене жарақатын келтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалды. Мектеп оқушысы ауыр соққыдан кейін көшеде қайтыс болған. Әуелгіде баланы ұрған оқушы күдікті ретінде танылғанымен, тәртіп сақшылары баланы үйіне босатып жіберген екен. Тек қоғамдық пікір ауаны өзгергенген кейін кәмелетке толмаған күдікті сот шешімімен қамауға алынған.
«Талғар ауданының кәмелетке толмаған тұрғынына дене жарақатын салу фактісі тіркелді. Оқиға салдарынан жәбірленуші көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соттың санкциясымен қамауға алу туралы шешім шығарылды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Енді тергеушілер жанжалдың себептері мен оқиғаның нақты қалай өрбігенін анықтауға кіріскен. Әлбетте, оқиғаның өзге егжей-тегжейлері "Қылмыстық кодекстің" 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Алайда, дәл мұндай қайғылы оқиғаның Талғар ауданында қайта орын алуы қоғамды ойландыруға тиіс. Біз бұған дейін осы аймақтағы кримогендік ситуацияның нөлдік төзімділік деңгейінен түсіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп "Талғарда тұру неге қауіпті болып барады, Сұлтанғазиев мырза?" деп жазған едік. Қоғам облыс әкіміне бағытталған сауалдың астарындағы жағдайларды саралап үлгергенше қайғылы жағдайдың тағы қайталанғаны өкінішті, әрине. Айтпақшы, бұл аудандағы қылмыспен күреске қатысты жағдайдың оңалмауынан кейін құқық қорғау органдарының басшылары бір жыл ішінде бірнеше рет ауысқан-ды...
Жалпы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуіне мектептегі буллинг оқиғаларына деген немқұрайлы көзқарас түрткі болады екен. Өкінішке қарай, ел мектептерінде буллинг тақырыбы өткір күйде тұр. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, биылғы 8 ай аралығында ғана елдегі мектептерде 237 буллинг жағдайы тіркелген екен. Анықталған істердің ішінен 219 жағдайдың ақ-қарасы ажыратылып сотқа және басқа да құзырлы органдарға өткен. Сараптама бойынша, буллинг жасаушылардың негізгі тобы 12–16 жас аралығындағы оқушылар екені анықталыпты.
Ең өкініштісі, биыл да кәмелетке толмағандар арасында қайғылы жағдайлар азаймаған. Төбелес кезінде алған жарақаттан қайтыс болу оқиғасы Алматы облысы мен Жамбыл облысында жиілеген. Жоғарыда Талғарда болған жайтты айттық. Дәл осындай оқиға Қарасай ауданында да болып, сыныптасының жүрегіне шампур тығып, өлтіріп алған жасөспірім аяқасты қылмыскер атанды. Ал Жамбыл облысының Шу ауданындағы спорт жарысынан кейін оқушылар төбелесіп, тепкі көрген бала сол жерде қайтыс болса, Тараз қаласындағы мектептің дәретханасында да оқушы баланы жоғарғы сыныптағы оқушы ұрып, өлтіріп алған еді. Байзақ ауданында да осыған ұқсас қайғылы оқиға болған.
Айтпақшы, әлімжеттік оқиғаларының қылмысқа ұласуы Балалар обудсмені Динара Зәкиеваны да алаңдатады екен. Жамбыл облысындағы қайғылы жағдайларға қатысты өз ойын айтқан лауазымды тұлға өңірдегі тиісті органдар буллинг пен балалар қылмысына қатысты деректер мен оқиғаларды жасырып, жауып келгенін айтып, бұл жағдайға қоғам назарын аударған еді.
Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да аталған аймаққа арнайы барып, қайғылы жағдайларларға қатысты кінәлілерді анықтап, шара қолданылатынын мәлімдеген болатын.
Дегенмен, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен мектептегі буллинг мәселесін шешуге министрдің де, әкімнің де сөзі мен әрекеті жеткілікті болмай отырғаны анық.
Мұнан бөлек, мектеп оқушылары арасында өзіне қол жұмсау фактілері де көбейген. Кейінгі кезде 139 баланың суицид жасағаны туралы өкінішті дерек бар. Ал 293 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеттенген екен. Бұл енді басқа тақырып...