KZNews.kz
Қаржы

Табысы төмен қазақстандықтар жеке табыс салығынан босатылады

Жарқын Омаров
Фото: Ru.freepik.com

Жаңа Салық кодексінде жеке тұлғалар үшін 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірыңғай базалық салықтық шегерім енгізіледі. Бұл айына 129 750 теңгені құрайды, яғни азаматтар осы мөлшерге дейінгі табысын салық салынатын кірістен алып тастай алады, деп хабарлайды kznews.kz.

Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салыққа қатысты өзгерістерді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айгүл Аббасова тікелей эфирде түсіндірді.

Осы өзгерістерге сәйкес, ай сайынғы табысы шамамен 145 мың теңгеден аспайтын азаматтар жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Айгүл Аббасованың айтуынша, бұл қадам салық салудағы әділеттілік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған. Табысы төмен азаматтарға салықтық жүктеме салынбайды.

Сонымен бірге жаңа Салық кодексінде жоғары табыс алатындар үшін прогрессивті салық мөлшерлемесі енгізіледі. Жылына 36 млн теңгеге дейінгі табысқа (айына шамамен 3 млн теңге) бұрынғыдай 10 пайыздық жеке табыс салығы қолданылады. Ал осы сомадан асатын табыс бөлігіне 15 пайыз мөлшерлеме белгіленеді.

Спикердің айтуынша, 2025 жылдан бастап енгізілген қосымша салықтық шегерімдер — білім алу, медициналық қызметтер, ипотекалық қарыздар және көпбалалы отбасыларға арналған жеңілдіктер азаматтар үшін бірқатар әкімшілік қиындықтар туындатқан.

– 36 млн теңгеге дейінгі жылдық табысқа 10 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал бұл шектен асатын табыс бөлігі 15 пайызбен салық салынады, – деді ол.

Атап айтқанда, азаматтар шығындарын дәлелдейтін құжаттарды жинап, жыл соңында декларация тапсыруға міндетті болған.

Осы себепті жаңа Салық кодексінде барлық қосымша шегерімдер 30 АЕК көлеміндегі бірыңғай базалық шегеріммен алмастырылды.

Енді жеке тұлғалар ешқандай растайтын құжатсыз табысын 30 АЕК-ке азайта алады. Қосымша негіздер болмаған жағдайда декларация тапсыру талабы да жойылады.

Айгүл Аббасованың сөзінше, бұл өзгерістер салық төлеушілер үшін де, салық органдары үшін де рәсімдерді жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені едәуір қысқартады.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары