Жаңалықтар

"Шын жүректен көңіл айтамыз": Шымкентте 21 жастағы қызды өлтірген жігіт блогердің туысы болып шықты

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Шын жүректен көңіл айтамыз": Шымкентте 21 жастағы қызды өлтірген жігіт блогердің туысы болып шықты
Arasha.kz коллажы

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша күдіктінің туыстары – блогер Камила Әділхан мен оның жұбайы Мағжан Аймахан пікір білдірді, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Олар алдымен марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, бұл қасіреттің екі тарап үшін де аса ауыр екенін атап өтті.

"Ең алдымен Нұрайдың ата-анасы мен туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Алла тағала жүректеріңізге тыныштық берсін, қазіргі ауыр күйді мейірімімен жеңілдетсін. Бұл – кез келген ата-ана үшін орны толмас қайғы", – делінген жазбада.

Сондай-ақ олар күдікті Шерхан Аймаханпен туыстық қатынасты жасырмай, оның Камиланың әкесінің інісінің баласы екенін нақтылады.

"Иә, Шерхан – біздің туысымыз. Бірақ ешбір ата-ана баласының қатыгез, зұлым болуын қаламайды. Бұл жағдай бізге де өте ауыр тиді. Ешкім қызын біреудің қолынан қаза тапқанын қаламайды. Бұл – екі жақтың да ата-анасына аса ауыр сынақ", – деп жазды олар.

Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан сот процесінің әділ өтуін қалайтындарын жеткізді.

"Сот пен жазаға қатысты біз де әділ шешім шыққанын қалаймыз. Алайда қанша жылға сотталса да, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орны толмайды. Сондықтан шын жүректен дұға етеміз", – делінген пікірде.

Сондай-ақ жазба авторлары блогерлермен туыстық байланыс істің шешілуіне әсер етеді деген қауесеттерге жауап берді.

"Блогермен туыс болса, бірдеңе шешіліп кетеді деген әңгімелер тарады. Керісінше, қоғам алдында жүрген адам ретінде, қанша туысымыз болса да, бұл іске әділ баға беріліп, соттың әділ шешімі шыққанын қалаймыз. Бұл жағдайды ақтап алуға ниетіміз жоқ. Бұл – зұлымдықпен жасалған ауыр қылмыс", – деп атап өтті олар.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz