Шымкент қаласының тұрғыны Ролан Анатолы қасиетті Мәдинаға дейін 8 мың шақырымға жуық жолды велосипедпен жүріп өтіп жетті. Қазақстаннан бастаған ерекше сапарына ол 44 күн жұмсаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Жас саяхатшы жол бойы Қазақстан, Ресей, Грузия, Армения, Иран, БАӘ, Катар және Сауд Арабиясы аумағымен өткен. Ал Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы теңіз бөлігін Ролан пароммен еңсерген.
Ролан әлеуметтік желіде күн сайын видеоблог жүргізіп, сапарының әр кезеңін бөлісіп отырды. Оның айтуынша, соңғы межесі – Меккедегі киелі Қағбаға жету. Дегенмен, қасиетті аймаққа жақындағанда полиция қызметкерлері оны тоқтатып, Меккеге велосипедпен кіруге рұқсат бермеген.
Осы жағдайды көрген Умра турын ұйымдастыратын компаниялардың бірі Роланға көмектесуді шешіп, Сауд Арабиясының құқық қорғау органдарымен хабарласып, оның қажылық ниетімен келе жатқанын түсіндірді. Кейін компания жас қазақстандыққа көлік жіберіп, сапарын Мәдинада жалғастыруға мүмкіндік жасады. Сонымен қатар оған бірнеше күнге қонақүйден бөлме берілді.
Роланның видеоларынан жол-жөнекей түрлі ел тұрғындарының оны тоқтатып, сапары туралы сұрап, сусын, тағам ұсынып, құрма мен жүзім беріп, жылы лебіздерін білдіргенін көруге болады. Жас қажының бұл саяхаты көптеген адамға шабыт беріп, желіде кеңінен тарады.