Шымкентте көлік соқтығысуынан басталған жанжал Рысқұлов пен Ерімбетов көшелерінің қиылысында жаппай төбелеске ұласып, соңы адам өлімімен аяқталды: 1985 жылы туған Василий Колесников қаза тапты, деп хабарлайды Kznews.kz.
Марқұмның әкесі Александр Колесников ұлының отбасы үшін ғана емес, көрші-қолаңға да сыйлы болғанын айтады. Оның сөзінше, Василий айналасына қамқор, спортты серік еткен азамат болған. Әкесі ұлының ислам дінін қабылдағанын да атап өтіп, мүмкіндігі шектеулі көрші балаға үнемі сый-сияпат жасап тұратынын жеткізді.
Қаралы шаңырақтың қайғысы мұнымен бітпеген. Айтуынша, олар бұдан бір жыл бұрын отбасындағы анадан айырылған, енді үйдің тірегі болған ұлынан көз жазып отыр. Әкесі бұл ауыр хабарды кіші балаларынан жасыруға мәжбүр болғанын айтты.
«Ұлым жетіспей тұр. Бір жыл бұрын әйелімнен айырылып қалған едім, енді ұлым жоқ. Төрт ұлым бар, енді үшеуі қалды. Кішілерге айтпадым, көлік апатынан қаза тапты дедім. Ал шынында пышақтан, кісі қолынан қаза тапты. Орны ойсырап тұр»,- деді әкесі.
Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Қазір күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.