Шымкент қаласында жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан сегіз баланың анасы қаза тапты. 39 жастағы Марал Боранбаеваны күйеуі мен үлкен ұлы құтқаруға тырысқанымен, ауыр күйік алған әйел ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Отбасы күнкөрісін көрпе мен матрас тігу арқылы қамтамасыз еткен. Үй ауласында шағын өндірістік цехтары болған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен мақта тұтанып, кейін өрт бүкіл үйді шарпыған.
Маралдың жұбайы әйелін жалын арасынан алып шығуға әрекеттенгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
– Жұбайымды құтқара алмадым. Оған жету үшін жалынның арасынан өтуге тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Әйелімнің денесінің 80 пайызын күйік шалған еді, – дейді Айдос Боранбаев.
Көршілерінің айтуынша, әйелді өртеніп жатқан үйден 17 жастағы ұлы алып шыққан. Алайда жасөспірімнің өзі де күйік жарақатын алған. Ал отбасының қалған жеті баласы дер кезінде сыртқа шығып үлгерген.
Полиция өкілдері аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру дерегі бойынша жүргізілуде.
Қайғылы оқиғадан кейін отбасы баспанасыз әрі табыс көзінсіз қалды. Марқұмның жұбайының да өрт кезінде аяғы күйіп қалған.