Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында ер адам бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Алғашқы ақпарат "За нами уже выехали" Telegram арнасында жарияланған. Онда шабуыл кезінде ер адамның кәмелетке толмаған алты баланы тәрбиелеп отырған әйелдің құлағын кесіп тастағаны айтылды.
Полиция мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 25 шілдеде болған. Сол күні зардап шеккен әйелдің бұрынғы күйеуі – ауылдың 51 жастағы тұрғыны ұсталды.
"Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар жәбірленушімен кез келген байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды", – деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство дерегінше, ер адам бұған дейін де жәбірленушінің арыздары бойынша бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ол ата-ана құқығынан айырылған.
"Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Істің тергелу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", – делінген ресми хабарламада.