KZNews.kz
Спорт

Сүйінші, ағайын! Нартай Аралбайұлы бар қазақты қуантатын жаңалығын айтты

Қайсар Қанат
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Нартай Сәрсенғалиев

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спорт саласы қызметкерлеріне қатысты маңызды жаңалықты жариялады, деп Kznews.kz порталы Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Халық қалаулысы бұл туралы өз әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, Үкіметтен нақты нәтиже шыққанын мәлімдеді.

"Айтылды – орындалды. Бапкерлердің жалақысы 30% өседі! ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына қыркүйекте депутаттық сауал жолдадым! Нақты ұсыныстар енгіздім, орындалды", – деп жазды Нартай Сәрсенғалиев.

Ресми жауапқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30% көлемінде қосымша ақы төленеді.

Бұл шешімді іске асыру үшін 2025-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылып, Республикалық бюджеттік комиссия (РБК) тарапынан мақұлданған.

Сонымен қатар, депутат ауылдық жерлердегі спорт мамандарының еңбекақысын көтеру мәселесін де көтерген болатын.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен спорт саласы қызметкерлеріне үстемеақы тағайындауға, сондай-ақ ауылдық жерде жұмыс істейтін спорт мамандарына лауазымдық жалақының кемінде 25%-ын құрайтын көтеріңкі ақы төлеуге мүмкіндік берілді", – делінген Үкіметтің ресми жауабында.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары