Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Соның ішінде мұғалімдерге қосымша салмақ түсіріп келген модерация процесі толық жойылады, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа жүйенің негізгі мақсаты – педагогтердің жұмыс жүктемесін азайтып қана қоймай, оқушылардың білімін бағалауды әділ әрі түсінікті ету. Сонымен бірге ата-аналар үшін баланың оқу нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін ашық жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.
Министр бастауыштағы бағалау тәртібін қайта қарау білім сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі таңда кейбір бағалау рәсімдері мұғалімдердің негізгі міндеті – балаға білім беруге кедергі келтіріп отыр.
Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы модерация жүргізілмейді. Министр бұл процестің көптеген жағдайда формалды сипат алғанын айтып, педагогтерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар бағалау жүйесін жетілдіру мақсатында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының құрамында арнайы бөлім құрылып жатыр. Оның мамандары бастауыш сыныптардағы бағалауға қатысты ғылыми және әдістемелік жұмыстармен айналысады.
Аталған құрылымның міндетіне оқу бағдарламасына сәйкес әр бөлім бойынша аралық бақылаулардың санын анықтау, формативті бағалаудың тәртібі мен жиілігін белгілеу және бағалау критерийлерін әзірлеу кіреді.
Бұл жұмыстарға академия ғалымдарымен қатар әдіскерлер мен тәжірибелі педагогтер де тартылмақ. Олар еліміздегі барлық мектептерге ортақ әдістемелік ұсынымдар әзірлейді.
Жаңартылған жүйеде оқушылардың білімін тек тест немесе теориялық тапсырмалар арқылы бағалау жеткіліксіз болады. Бастауыш сыныптарда диктант, мазмұндама, шығарма сияқты жұмыстар, сондай-ақ математика пәнінен бақылау тапсырмалары қайта енгізіледі.
Әр жұмыс түріне қойылатын нақты бағалау критерийлері де әзірленеді. Бұл мұғалімге де, ата-анаға да баланың қандай көрсеткіш бойынша баға алғанын түсінуге мүмкіндік бермек.
Министрдің айтуынша, жаңа тәсілде баланың тек ақпаратты қаншалықты меңгергені емес, оны іс жүзінде қолдана білуі мен қалыптасқан дағдылары да ескеріледі.
Осылайша, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесі мұғалімнің қағазбастылығын азайтып, оқушының нақты білімін және дағдыларын анықтауға бағытталмақ.