ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ғалым әрі қоғам қайраткері Еділ Жаңбыршин елге жағымды жаңалықпен бөлісті. Ол "Балалардың құқығын қорғау" туралы заңға маңызды түзетулер енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, енді жастардың санасына теріс әсер ететін, бейәдеп мазмұндағы және дәстүрлі емес жыныстық бағытты насихаттайтын кез келген материал заң алдында жауапқа тартылады.
"Бүгін Архив істер жөніндегі заң жобасының аясында еліміз үшін маңызды бір норма қабылданды. Бұл – көптен бері айтып, күресіп жүрген ЛГБТ-ға қатысты норма. Осының аясында көптеген заңдар қабылданып жатыр. Оның ішінде "Балалардың құқығын қорғау" деген заң бар. Соның 34-бабына арнайы өзгерістер енгіздік. Бұл бап "Ұлттық және әлемдік мәдениетке баулу" деп аталады. Осы баптың ішіне "Порнографиялық қатігездік пен зорлық-зомбылықты" дәріптейтін деген сөзден кейін арнайы норма ұсындық. Дәлірек айтатын болсақ, “Дәстүрлі емес жыныстық бағыттарды, педофилияны насихаттайтын" деген сөзбен толықтырдық", – деді Еділ Жаңбыршин.