KZNEWS.KZ
Қаржы

Сүйінші! Қазақстанда декреттік төлем мөлшері артпақ

• Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда 2027 жылдан бастап бала күтіміне және жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемдердің мөлшері артуы ықтимал. Бұған ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспары негіз болмақ, деп хабарлайды kznews.kz.

Қазіргі уақытта жұмыс істейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің жоғарғы мөлшері – 238 мың теңге. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге жетсе, бұл көрсеткіш 308 мың теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.

Яғни ата-аналар алатын төлемнің шекті мөлшері 70 мың теңгеге артады. Дегенмен бұл соманы барлығы бірдей алмайды. Нақты төлем соңғы 24 айдағы орташа табыс пен әлеуметтік аударымдарға қарай есептеледі.

Жүктілік пен босануға байланысты берілетін біржолғы төлемнің де көлемі ұлғаюы мүмкін. Қазір стандартты 126 күндік декреттік демалыс үшін төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері шамамен 2,5 миллион теңгені құрайды.

Егер ең төменгі жалақыны көтеру жоспары жүзеге асса, біржолғы төлемнің шекті сомасы 3 миллион теңгеден асуы ықтимал. Оның нақты мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы орташа табысы мен декреттік демалысының ұзақтығына байланысты болады.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →