Енді тұрғындар үшін бір текше метр суық судың құны 76,56 теңгеден 178,06 теңгеге, ал су бұру қызметі 47,5 теңгеден 119,46 теңгеге дейін көтеріледі. Нәтижесінде екі қызметтің жиынтық құны бір текше метрге 297,52 теңгені құрап отыр.
Бұл туралы "Алматы Су" кәсіпорнының ресми тарифтік кестесінде көрсетілген. Жаңа тариф бойынша суық судың бағасы шамамен 2,3 есе, ал су бұру қызметінің құны 2,5 есе өсті. Тұрғындар үшін бұл коммуналдық төлемдердің артуын білдіреді. Әсіресе суды көп тұтынатын отбасылардың шығыны көбейеді.
Ал "Алматы Су" кәсіпорны тарифтің өсуін бірнеше себеппен түсіндіреді. Олардың қатарында электр энергиясының қымбаттауы, материалдар мен жабдықтардың бағасының өсуі, қызметкерлердің жалақысын арттыру және қаланың су шаруашылығы инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарының көбеюі бар.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, су жеткізу мен сарқынды суды бұру энергияны көп қажет ететін қызметтерге жатады. Тарифтің шамамен 20 пайызы электр энергиясының шығындарына тиесілі. Бұған реагенттер, қосалқы бөлшектер, жабдықтарды жөндеу және желілерді пайдалану шығындары да қосылады.
Сондай-ақ, соңғы екі жылда кәсіпорынның балансына жаңа инфрақұрылым нысандары берілген. Олардың қатарында 32 кәріз сорғы станциясы, алты су сорғы станциясы, тоғыз таза су резервуары, 18 ұңғыма және жүздеген шақырым су құбыры мен кәріз желілері бар. Жаңа нысандарды күтіп ұстау да тұрақты қаржыландыруды талап етеді.
Мұнан бөлек, кәсіпорын тариф құрамында инвестициялық міндеттемелердің де бар екенін айтады. Бұл қаражат су құбырлары мен кәріз желілерін жаңғыртуға, жабдықтарды ауыстыруға және инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыруға бағытталмақ.