KZNEWS.KZ
Саясат

Стратегия сабақтастығы және сын-қатерге бейімделу: жаңа Жолдаудың басты ерекшелігі неде?

Фото: aqorda.kz

Енді осы бағдарламалық құжатта айтылған негізгі бағыттарға тоқталсақ.

Біріншіден, саяси жаңғыруға қатысты. Жолдауда жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, мемлекеттік мекемелердің жұмысын жетілдіру және олардың жауапкершілігін арттыру міндеті қойылды.

Екінші бағыт - экономикалық даму. Онда өндірісті кеңейту, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы экономиканың тұрақтылығын күшейту көзделеді.

Үшінші әрі ең маңызды тақырып ретінде әлеуметтік саясатқа қатысты тұсын айтуға болады. Президент ең төменгі жалақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Бұл төмен жалақы алатын азаматтардың табысын арттыруға бағытталған.

Төртіншіден, инфрақұрылым және өңірлерді дамыту да күн тәртібінен түскен жоқ. Ол бойынша әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен жаңғырту, жол сапасын жақсарту және өңірлердегі инфрақұрылым мәселелерін шешу қажеттігі атап өтілді.

Бесінші бағыт ретінде цифрландыру және транзит саласын қарастыруға болады. Мұнда еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, жүк тасымалын цифрландыру және заманауи технологияларды мемлекеттік басқару мен экономикаға енгізу мәселелері көтерілді.

Жолдаудың алтыншы арнасы ретінде бюджет және қаржы саласына қатысты міндет пен болжамдарды айтайық. Яғни, қаржы ресурстарын тиімді пайдалану, банктердің қаражатын экономиканы қаржыландыруға бағыттау және мемлекеттік шығындардың нәтижелілігін арттыру міндеттері белгіленді.

Жалпы, бұл Жолдауда елдегі саяси жаңғыруды нақты экономикалық нәтижелермен ұштастыру, халықтың табысын арттыру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту негізгі міндеттер ретінде көрініс тапты.

Бұл пайымға отандық сарапшылар да қосылады. Мысалы, саясаттанушы Ғазиз Әбішев 28-қазандағы Президент Жолдауын бұрынғы саяси бағыттардан бөлек қарастыруға болмайды деген ойда. 

- Өйткені әрбір Жолдау мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясын жалғастырып, жаңа жағдайларға сәйкес толықтыруға бағытталады. Яғни, жыл сайынғы Жолдау бәрін басынан бастайтын жаңа жоспар емес. Бұл ұзақ мерзімді стратегияны түзету, дамыту және толықтыру, — дейді сарапшы.

Әлбетте, бұл тұжырым еліміздің қазіргі экономикалық саясатының маңызды ерекшелігін көрсетеді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистика әлеуетін арттыру және экономиканы әртараптандыру бір жылда шешілетін міндеттер емес. Олардың нәтижесі бірнеше жылға созылатын инвестицияларға, инфрақұрылымдық жобаларға және мемлекеттік басқарудың тиімділігіне байланысты болады.

Осы жерде саясаттанушы Ғазиз Әбішев бүгінгі күнгі жаңа сын-қатерлердің бірі ретінде жасанды интеллектінің жедел дамуын атап өтеді. Бұл технология өндіріс пен мемлекеттік басқарудан бастап білім беру және медицинаға дейінгі салаларды өзгертіп жатыр. Қазақстан үшін цифрлық инфрақұрылым мен деректер орталықтарын дамыту маңызды болғанымен, технологияны нақты экономикалық нәтижеге айналдыру үшін білікті мамандар, ғылыми база және қауіпсіздік тетіктері қажет екенін де естен шығармау керек дейді сарапшы.

Сонымен бірге халықаралық энергетикалық нарықтағы тұрақсыздық экономиканы әртараптандыру міндетін өзекті ете түседі. Шикізат бағасының құбылуы бюджет кірістері мен инвестициялық жоспарларға ықпал ететіндіктен, тұрақты экономикалық өсімнің негізін тек сыртқы нарық конъюнктурасына сүйеніп қалыптастыру қиын деген ой айтады Әбішев.

Демек, Жолдаудың басты ерекшелігін жаңа бастамалардың санынан емес, бұрынғы міндеттерді орындау мен жаңа жағдайларға бейімделудің арақатынасынан іздеген жөн екен. 

- Мемлекеттік саясаттың сабақтастығы стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ал уақыт талабына сай түзетулер оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ендігі негізгі мәселе қойылған міндеттердің нақты нәтижеге айналуы. Өндіріс өнімділігінің өсуі, су ресурстарының үнемделуі, логистикалық шығындардың азаюы және цифрлық технологиялардың экономикаға беретін пайдасы Жолдаудағы басымдықтардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді, -дейді сарапшы Ғазиз Әбішев.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →