ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жыл соңындағы әбжіл әрекеті шығысқазақстандық шенеуніктерді шошытып жібергені анық.
Арнайы қызмет 8-желтоқсан күні облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғаның қолына кісен салған болатын.
Қылмысқа күдікті ретінде ұсталған шенеунік - Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитов еді.
ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, Данияр Уахитов аса ірі көлемде пара алу күдігімен ұсталған. Лауазымды тұлғаны ұстау кезінде одан 170 млн теңге және 300 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат тәркіленген. Және бұл тұтқындау қатардағы лауазымды тұлғаның парақорлығынан әлдеқайда ауқымды сипатқа ие болып отыр. Өйткені, бұл іс бойынша тергеуге тартылған адам саны он бестен асқан. Ең қызығы, тергеу материалдарында аймақтағы бірқатар лауазымды тұлғалардың да аты-жөні аталады екен. Әзірге бұл істің анық-қанығын жария ету мүмкін емес. Тергеу құпиясы тиым салады-мыс.
Дегенмен, ұсталған шенеуніктің облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметінде болуы аймақтың атқарушы билігіне қатысты бірқатар сұрақ тудырады.
Ашық дереккөздердегі мәліметке қарасақ, ұсталған Уахитов облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың командасындағы "сенімді адамдардың" қатарында болған. Мысалы, Сақтағанов пен Уахитов 2016 - 2020 жылдары облыстың Ұлан ауданында бірге жұмыс істеп, әртүрлі лауазымда мемлекеттік қызметте болған. Әдетте, мұндай ұзақ мерзімді қызметтік байланыс мемлекеттік басқару жүйесінде сенім факторын қалыптастыратыны белгілі. Дәл осы сенім факторы Уахитовтың ауданнан облысқа қызмет ауыстыруына себеп болуы мүмкін. Яғни, Сақтағанов Президент Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне кіріскен соң, Уахитовты небәрі төрт ай ішінде аудан деңгейінен тікелей облыстық басқарма басшысы қызметіне тағайындаған болып шығады. Осы тұста жергілікті жердегі кадрлық протекция мәселесі туралы еріксіз сөз қозғауға тура келеді. Және біз бұл тақырыпқа әлі ораламыз.
Мұнан бөлек, ұсталған шенеуніктен тәркіленген 170 млн теңге және 300 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат аяқ асты пайда болмағаны анық. Әдетте мұндай көлем ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген, жүйелі қаржы айналымын меңзейді. Бұл - тергеудің алдын-ала болжамы.
Сонымен қатар, тергеу барысында он беске жуық адамның куәлік беруге шақырылуы да аталған іс бойынша кінәлілерді анықтау бір ғана күдікті тұлғамен шектелмейтінін байқататындай.
Әлбетте, біз Шығыс Қазақстан облысынан шыққан жемқорлыққа қатысты бұл істен қандай да бір болжам нұсқасын жасаудан аулақпыз. Дегенмен, басы ашық сауал бар: ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ұстаған мемлекеттік қызметші Данияр Уахитовтың заңға қайшы іс-әрекеті дербес фигура ретінде қарастырыла ма, әлде аймақтағы билік вертикалының бірегей мүшесі ретінде анықтала ма?