Солтүстік Қазақстан облысында тас жолдағы жойқын жол апатынан төрт адам қаза тапты. Оқиға «Астана — Петропавл» автожолында болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Жол-көлік оқиғасы 2026 жылғы 8 қаңтарда «Toyota Camry» және «Shacman» жүк автокөлігінің қатысуымен тіркелген. Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен оның үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, «Toyota Camry» қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Осы сәтте қарсы келе жатқан жүк көлігімен соқтығысу орын алған. Қайғылы жағдайдың нақты себептері мен толық мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.
Полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды қайта ескертті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу және қауіпті маневрлердің соңы көбіне орны толмас өкінішке әкеледі. Мұқият болыңыздар және өмірлеріңізді сақтаңыздар, – делінген ведомство хабарламасында.
Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылы СҚО аумағында 593 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 47 адам қаза тауып, 793 адам түрлі жарақат алған. Ал республикалық маңызы бар автожолдарда 117 ЖКО болып, 26 адам көз жұмып, 200 адам жарақат алған.