Польша аумағында ұсталған Қазақстан азаматы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке күш-жігерінің арқасында босатылғаны туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Белгілі болғандай, биылғы жылдың 28 сәуірінде бұған дейін Польша аумағында ұсталған Қазақстан Республикасының азаматы босатылды. Оның босатылуы шетелде де Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін дәйекті түрде қорғап келе жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке күш-жігерінің арқасында мүмкін болды» деп жазды Смадияров.
Оның айтуынша, Қазақстан президенті жақында телефон арқылы сөйлесу барысында Александр Лукашенкоға осы күрделі жағдайда елдер арасындағы сындарлы ынтымақтастық үшін шынайы алғыс білдірген.
«Мемлекет басшысы сондай-ақ өзара қолайлы нәтижеге қол жеткізуге жәрдем көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіруді орынды деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайда поляк тарапының байыпты ұстанымы үшін Кароль Навроцкий мен Дональд Тускке алғыс хат жолдайды» деп қосты Смадияров.
Бірқатар шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, әңгіме Әнуар Бәкібай туралы болып отыр. Ол Украинадағы Қазақстан елшілігінің әскери атташесінің көмекшісі болған.
Еске салсақ, әскери атташе Әнуар Бәкібай Беларусь пен Польша арасындағы тұтқындар алмасу аясында босатылды.
Алмасу 28 сәуір күні «беске бес» формуласы бойынша өтті. Тараптар бір-біріне тыңшылық істері бойынша сотталған немесе ұсталған адамдарды тапсырған. Операцияға бірнеше ел қатысып, келіссөздер шамамен бір жылға созылған.