Польшада ақпан айының соңында жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың өлі табылғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның қазасы қылмыстық әрекетпен байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Kznews.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, кісі өлтірді деген күдікпен бір адам қолға алынған. Алайда тергеу барысына байланысты әзірге өзге ақпарат жария етілмей отыр.
Қазір Екатеринаның жақындары жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаржы жинап жатыр. Олардың сөзінше, бұл үшін едәуір қаражат қажет.
Еске салсақ, 43 жастағы Екатерина Шилова шетелде жұмыс істеп жүрген. Ол ақпан айының соңында туыстарымен байланысқа шығуды тоқтатқан. Сол күні әйел Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болғанымен, рейске мінбеген.
Кейін ол әпкесіне жолдаған хабарламасында ұшудан бас тартқанын және Германиядан жақсы жұмыс тапқанын жазған. Алайда осы хабарламадан кейін онымен байланыс толық үзілген.