Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арада болған әңгімесін еске алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, ол Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру туралы шешімге қарсы болған. Осы мәселеге байланысты Назарбаевпен пікір қайшылығы туындап, екеуінің арасында сөз таласы болған.
Әубәкіров оқиғаның Кремльдегі кездесуден кейін, ұшақпен елге қайтып келе жатқанда болғанын айтты.
"Кремльден шығып, ұшақпен ұшып келе жатқанымызда мен: "Енді қол астыңда жұмыс істемеймін", – дедім. Президент қасына шақырып, "шай ішейік" деді. "Мен сізбен ештеңе ішпеймін, сіз қазақтың жауысыз" дедім. Бірінші айтқаным ұшақтың ішінде болды. Тура осылай айттым. Ал ол маған "сен ештеңе де білмейсің, саясаттан хабарың жоқ, жас баласың" деп жауап берді. "Мені босатыңыз, мен енді жұмысқа бармаймын" деп тағы да айттым.