Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазақстандық сиыр еті шетелге картоп ретінде вагондармен шығарылып жатыр деген ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкіметтегі брифингте журналистер министрден әлеуметтік желілерде сиыр етін экспорттауға қойылған шектеулерге қарамастан, қазақстандық ет картоп ретінде елден тыс жерлерге шығарылып жатыр деген мәліметтің рас-өтірігін сұрады.
Министрдің айтуынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бәрін бақылауда ұстап отыр. Вагондарда картоп орнына ет болған жағдай тіркелген жоқ. Әңгіме болып отырған жазба қазірдің өзінде өшірілген. Бұл жалған ақпарат», - деді ол.
Сапаров мұндай схеманың технологиялық тұрғыдан мүмкін еместігін атап өтті.
«Картоп тасымалдауға арналған вагондарға ет тиеуге болмайды. Етті, оның ішінде теміржол арқылы тасымалдау үшін тиісті температуралық режимі бар рефрижераторлар қажет», - деп түсіндірді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі мониторинг жалғасып жатқанын және өнімді сыртқа шығаруға бақылау күшейтілетінін мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстанда сиыр етін экспорттауға қойылған шектеулердің мерзімі ұзартылған болатын. Шектеулер үшінші елдерге де, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де қатысты.