KZNews.kz
Сараптама

Шикізат шырмауынан шығуға жанталас: агроөнеркәсіп кешенінің дамуына не кедергі?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Отандық экономиканың драйвері ретінде болуы тиіс екі бағытты атап өтуіміз керек сияқты. Алғашқысы, әлбетте, мұнай-газ өндірісі екені даусыз. Кейде елдің дамуы осы саланың өнімі мен табысына тәуелді екенін мойындаймыз.

Алайда, Қазақстанның сутегі қорларынан бөлек табиғи қазынасының да орасан мүмкіндігі барын ескере бермейміз. Оның ішінде құйқалы қазақ даласындағы құнарлы топырақтың халықты асырауға жететін құдіретін мұнайдан түсетін дайын ақшаның ығына жығып бергеніміз рас.

Ал елдің агроөнеркәсіп кешенінің мүмкіндігі мұнай-газ өнеркәсібіне пара-пар екеніне маңыз бермей отырғанымыз өкінішті. Сүйінерлігі, агроөнеркәсіп кешені қалыпты даму жолына баяғыда түскен. Қазір отандық нарық пен сыртқы саудадағы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің бәсі жоғары.

Сондай-ақ, еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған инвестиция көлемі де техногенді өндіріске тартылған қаржы көлеміне жетеғабыл екен. Әсіресе, былтыр отандық агроөнеркәсіп бағытындағы инвестициялар күрт өскен.

Мысалы, 2025 жылы ауыл шаруашылығындағы инвестициялар индексі 153 пайызға, азық-түлік өндірісінде 208 пайызға сусындар сегментінде 240 пайызға жеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары динамикалардың бірі болып отыр.

Алайда, бұл көрсеткіштердің астарында отандық аграрилер мен өндірісшілердің маңдай терімен бірге әлі де шешімін тауып, жетілдіретін мәселелер жатыр екен. Яғни, инвестициялардың сандық өсімі автоматты түрде құрылымдық серпілісті білдірмейді деген пікір бар. Қазіргі инвестициялық циклдің ішкі мазмұны мен аймақтық бөлінісіне үңілсек, бірқатар жүйелі мәселе анық көрінеді.

Біріншіден, салаға құйылған инвестиция бар, бірақ, негізгі назар әлі де шикізаттан аса алмай отыр. Мәселен, АӨК тартылған инвестицияның 69 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталса, тек 31 пайызы ғана қайта өңдеуге құйылған. Әрине, бұл Үкіметтің агросаясатқа қатысты жиі айтатын "қосылған құн табысы", "терең өңдеу жүйесі", "экспортқа дайын өнім шығару тізбегі" сияқты пафосты ұрандарына қарама-қайшы келіп отырғанын жасырмауымыз керек.

Яғни мемлекет өнім өндіру тізбегінің басын ғана, оның ішінде егін шаруашылығы, мал шаруашылығы бағытын белсенді қаржыландырып отыр. Бұл жерде қайта өңдеу немесе дайын өнім туралы сөз жоқ. Өйткені, еккен егінді орып, бидай күйінде сату оңай да, оны өңдеп, ұн немесе жарма өнімдері түрінде нарыққа шығару басқа әңгіме. Мұндай модель, тек шикізатқа арқа сүйеу қысқа мерзімде өндіріс көлемін арттырғанымен, ұзақ мерзімді табыс тұрақтылығын қамтамасыз етпейтіні белгілі.

Екіншіден, инвестициялар географиясы өте асимметриялы шығып отыр. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарасақ, былтыр АӨК бағытындағы қаржы тартуда Павлодар, Түркістан, СҚО және Алматы облыстары көш бастап тұр. Бірақ, олардың өңірлік даму траекториясы әртүрлі болғандықтан, нақты табысты саланы анықтау қиындық тудырады. Мысалы, Солтүстік өңірлерде инвестициялар негізінен кеңейтілген экстенсивті модельге сүйеніп егістік алқаптарын жетілдіруге, техникамен қамтуға, мал басын көбейтуге бағытталған. Әрине, климаттық және жер ресурстарымен ерекшеленетін өңірлер үшін түсінікті жағдай, дегенмен шикізат күйінде алынатын өнім бағасының құбылмалығы мен кірістің маусымдық болуы аталған өңірлердегі тізбекті агроөнеркәсіп кешенінің дамуын қалыптастыра алмай келеді 

Оған қарағанда Алматы облысы мен Жамбыл облысында өнімді тізбекті өңдеуге бетбұрыс бар екен.Былтырғы деректерге қарап осы екі өңірде аграрлық саланы өнеркәсіптік және логистикалық хабқа айналдыру жүйесі қалыптасты деуге болады.

Мұнан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы бойынша артта қалып, агроэкономикала аутсайдерлер феноменін қалыптастырып отырған өңірлердің бар екенін де айтуымыз керек. Мысалы, Ұлытау мен Маңғыстау облыстары былтыр агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестициялар бойынша соңғы орындарда қалған. Бір қарағанда, бұл табиғи-климаттық жағдаймен түсіндіріледі екен Бірақ, мәселе тереңде жатқан сияқты.

Статистика бойынша бұл өңірлер елдегі ең жоғары жалақы төлейтін аймақтар қатарында-мыс. Соған сәйкес азық-түлік бағасы да ең қымбат аймақтарға жатады. Есесіне, аймақта агроөнеркәсіп кешені өнімдерін шығаратын жергілікті өндіріс жоқ. Ал логистика болса да қымбат, ол құнды көтереді. Тұтыну нарығы импортқа тәуелділіктің жоғары шегінде тұр. Бұған өңірдің даму стратегиясындағы бір жақты саясат та салқынын тигізеді екен. Мәселен, Маңғыстау облысының бюджетін мұнай-газ секторы толтырса, шағын ғана Ұлытау облысы тау-кен өнеркәсібіне арқа сүйейді дегендей. Осындай оңай ұстанымның нәтижесінде аймақ басқаруында шикізаттық табысқа жүгіну мен тұтыну нарығын сырттан жеткізу арқылы қамту моделі қалыптасып отыр.

Жалпы, біз жоғарыда агроөнеркәсіп кешенінің мұнай-газ секторымен бәсекеге түсуге қабілеті жетеді деген ой айттық. Бірақ, ол әзірге арман күйінде қала тұратын сияқты. Өйткені, агроөнеркәсіп кешенінде бір реттік жобалар көп кездеседі екен. Ал белгілі бір инвестициялық ағынды игеруге немесе орталыққа есеп беру үшін ғана жасалатын жобалардың тәуекелі тым жоғары болмақ. Яғни, өткінші жауынның суына егін суғаруды ойлайтын жалқау шаруаның кейпінде қалуға болмайды. Өкінішке қарай, мұндай әдет аймақтар арасында бар. Бірақ, былтырғы деректер бойынша инвестициялық серпілістің едәуір бөлігі жекелеген ірі жобалармен байланысты болғаны үмітті оятады. Дегенмен, қазіргі өсім циклдік тұрғыда көбейіп, статистиканы жақсартқанымен, әлі жүйелік сипатқа толық ие емес. 

Тоқетерін айтқанда, отандық агроөнеркәсіп кешені, оның ішінде өңдеу саласына тұрақты жеке капитал бағытталмайынша, ауылшаруашылғы мемлекеттің қолдауына тәуелді болып қала бермек.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →