KZNews.kz
Сараптама

Шикізат шынжыры мен импорт иіріміне тұншыққан сыртқы сауда саясаты

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Өткен 2025 жыл еліміз үшін барлық жағдайда оңайға соққан жоқ. Әсіресе әлемдік саясат пен нарықтағы құбылулар мен ауытқулар мемлекеттің сауда- экономикалық саясатын қайта қарауға мәжбүр етті.

Оған ұзақ жылдарға созылып, нәтижесіз аяқталған ішкі экономикалық реформалар қосылып, атқарушы биліктің тосыннан жол іздеуіне әкелді. Өйткені, ішкі нарықтағы инфляция тұтыну жағдайындағы сұраныспен сәйкеспей, баға мен бәсеке де ырыққа көнбеуге айналды. Бюджет түсімдері мен өндірістің табысы азайып, Үкімет экономиканы заңнама тетіктері арқылы реттеуге кірісті. Соның нәтижесінде жаңа Салық кодексі қабылданып, отандық шағын және орта бизнес саласы тегеурінді қаржы бақылауымен бетбе-бет келді.

Бұл ресми қадамдардың нәтижесі туралы сарапшылар алдағы 6-9 ай аралығында айта бастауы мүмкін, әзірге, өткен жылдың сауда экономикалық қорытындысы туралы ашық дереккөздердегі мәліметке көз салсақ...

Әрине, былтыр ел экономикасы ішкі-сыртқы қысымдарға қарамастан тұрақтылық деңгейіндегі орынын сақтап қалды. Бірақ, үлкен тәуекел өткелінен өткеніміз анық. Жалпы, бұдан әрі ештеңе оңай болмайтынын саяси элита бірер жыл бұрын да ашық айта бастаған. Оған Президент Тоқаевтың "белдікті қаттырақ тарту" туралы айтқан сөзі дәлел. Әдетте мұндай мәлімдемелер мемлекеттің әлеуметтік қолдауына арқа сүйеп отырған жұртқа жағымсыз сигнал ретінде әсер ететіні анық. Дегенмен, ел ішіндегі психологиялық ахуал экономикалық жағдайға бейімделе бастағаны байқалды. Мұның артында халықтың басқарушы элитаға, оның ішінде Президент пен Премьер-Министрдің командасына деген сенім квотасының қалыптасуы тұр деуге болады. Алайда бұл елдің сауда-экономикалық саясатына қатысты сындарлы көзқарас пен тәуекелдерді ашық айтуға болмайды деген сөз емес. Өкінішке қарай, дәл қазір ондай қауіптің бары рас. Әсіресе, мемлекеттің сыртқы сауда саясатына қатысты екшейтін, ескеретін мысалдар жеткілікті екен.

 Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында еліміздің сыртқы сауда айналымы 128,8 млрд АҚШ долларын құраған. Сарапшылар бұл көрсеткіштің арғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендегенін айтады. Былай қарағанда бұл мардымсыз өзгеріс сияқты көрінгенімен, көрсеткіштердің ішкі құрылымы ел экономикасындағы теңгерімсіздіктердің тереңдей түскенін аңғартады.

Өйткені, сыртқы саудадағы негізгі алаңдаушылық экспорт көлемінің 4,2 пайызға қысқаруына қатысты туып отыр екен. Өткен жылдың 11 айында экспорт 71,1 млрд долларды шамасында ғана болған. Бұл қазақ экономикасының әлемдік шикізат нарығындағы баға конъюнктурасына тәуелділігі мен экспорт құрылымының әртараптанбағанын көрсетеді.

Есесіне, осы кезеңде импорт 5,5 пайызға өсіп, 57,7 млрд долларға жеткен. Импорттың жедел өсуі ішкі өндірістің әлсіздігін, тұтыну тауарлары мен технологиялық өнімдерге тәуелділіктің әлі де жоғары екенін байқатады. Нәтижесінде, елдің дәстүрлі сыртқы сауда профициті қысқара түсті.

Ал экспорт құрылымында баяғылай, мұнай үстемдігі өзгермей отыр. Екіншіден, экспорттың тауарлық құрылымы бұрынғыдай шикізатқа негізделген. Жалпы былтырғы экспорттың 51,3 пайызы – шикі мұнай мен мұнай өнімдерінен тұрады. Бұл көрсеткіш Қазақстан экономикасының жартысынан астамы әлі де көмірсутек секторына тәуелді екенін айқын көрсетеді.

Сонымен қатар экспортқа шыққан өнімдер тізімінде тазартылған мыс пен мыс қорытпалары 5,1 пайыз, радиоактивті химиялық элементтер мен изотоптар үлесі 5 пайыз, мыс кендері мен концентраттары 3,6 пайыз, ферроқорытпалар үлесі 2,6 пайызды көрсеткен.

Бұл тізім экспортта өңделген өнімнің үлесі әлі де мардымсыз екенін аңғартады. Қосылған құны жоғары тауарлардың экспорттағы салмағы артпайынша, сыртқы сауда тұрақтылығы туралы айту қиын дейді экономист-мамандар.

Ал импорт бағытында кірген дайын өнімдер мен технологиялық тауарлар үлесі төмендегідей: жеңіл автокөліктер 4,2 пайыз, дәрі-дәрмек 2,7 пайыз, автокөлік шанақтары – 2,4 пайыз, телефон аппараттары 2,3 пайыз, автокөлік бөлшектері 2,2 пайызды құраған.

Бұл көрсеткіштер отандық машина жасау, фармацевтика және электроника салаларының жеткілікті дамымағанын көрсетеді. Сондықтан да ішкі нарықтың импортқа тәуелді болуы ұлттық валютаның әлсіреуі кезінде инфляциялық қысымды күшейтетін негізгі факторлардың бірі ретінде сақталып отыр.

Еліміздің өткен жылғы сыртқы сауда саясатын сараптағанда геоэкономикалық тәуелділік нышанын байқауға болады. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы экспорт бағытындағы негізгі серіктестердің үлесі мынадай: Италия – 20,1 пайыз, Қытай – 19 пайыз, Ресей – 10 пайыз, Нидерланды – 7,7 пайыз, Түркия – 5 пайыз шамасында.

Ал импорт құрылымы бойынша басым елдер тізімінде 29,6 пайыз үлеспен Ресей көш бастаса, Қытайдың үлесі 29,1 пайызды құраған. Мұнан бөлек Германия үлесі 4,8 пайыз, Оңтүстік Корея – 3,6 пайыз, АҚШ – 3,4 пайыз, Франция – 2,4 пайызды құраған.

Осы жерде импорт құрылымы бойынша шамамен 60 пайыздық үлестің Ресей мен Қытайға тиесілі екенін ашық айтуымыз керек. Демек, бұл көрсеткіш ел экономикасының екі ірі көрші мемлекетке жоғары дәрежеде тәуелді екенін білдіреді. Бұл жағдай логистика, баға және саяси тәуекелдер тұрғысынан біз үшін ұзақ мерзімді сын-қатер екенін мойындауға тиіспіз.

Жалпы, өткен жылдың қаңтар–қараша айларындағы сыртқы сауда көрсеткіштері ел экономикасында экспорттық әлеуеттің әлсіреп, импорттық тәуелділіктің күшейіп отырғанын көрсетті.

Біз жоғарыда экономикада құрылымдық реформа жасалып жатқанын айттық. Оның нәтижесінің жемісті болуы ғана аталған сын-қатерлер мен тәуекелдерді азайтуы ықтимал екенін ескеруіміз керек. 

Өйткені, шикізат экспортына сүйенген модель қысқа мерзімде табыс әкелгенімен, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайтыны белгілі.

Осы жағдайды бағамдаған сарапшылардың ұстанымды түбегейлі өзгерту үшін өңдеуші өнеркәсіпті нақты қолдау, экспорттық әртараптандыру мен технологиялық өндірістерді дамыту және импортты алмастыратын салаларды жүйелі түрде көтеру қажеттігін айтады.

Болмаса, сыртқы сауда саясатындағы бұл тенденциялар отандық экономиканы әлемдік нарықтағы кез келген дағдарыс пен күйзеліс алдында осал күйінде көрсете бермек. Мұның зардабы қазірдің өзінде сезіліп жатыр...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары