Мәселені «Жаңа адамдар» қозғалысының AntiTrash азаматтық науқаны көтерген, деп хабарлайды kznews.kz.
Белсенділердің мәліметінше, Сәуле шағынауданындағы қоқыс алаңы тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл аумаққа бірнеше жылдан бері тұрмыстық және құрылыс қалдықтары төгіліп келгенін айтқан. Қоқыс көлемі соншалық, кейбір үйлер үйінділердің тасасында қалып, оларға апаратын көлік жолдары да жабылған.
AntiTrash белсенділері рейд кезінде қоқыс әкелген КамАЗ көлігін тіркеген. Ал келесі күні небәрі бір жарым сағаттың ішінде осы аумаққа жеті КамАЗ қалдық түсіргені анықталған.
Белсенділер мәселе бойынша Әл-Фараби ауданы әкімдігіне жүгінген. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Берік Жанаев жерді тегістеу мақсатында қалдықтар әкелінетінін түсіндірген. Ал тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын кей азаматтар белгіленбеген жерге өз бетінше төгетінін айтқан.
«Жаңа адамдар» өкілдерінің мәліметінше, қоқыс үйіндісі санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеген. Осыдан кейін AntiTrash белсенділері аумаққа апаратын жолды жауып, қалдықтардың әрі қарай төгілуіне жол бермеу үшін арнайы қоршаулар орнатқан.
Жауапты тұлғалар қоқыс үйіндісін 2026 жылдың көктемінде жоюға уәде берген.
Кейін белсенділер Сәуле шағынауданына қайта барып, аумақты тексерген. Нәтижесінде бұрынғы заңсыз қоқыс үйіндісінің толық жойылғаны анықталды.
— Көріп отырғанымыздай, қоқыс үйіндісі жойылды. Біз үшін басты нәтиже де осы: сөздің артынан нақты әрекет келген кезде. «Таза Қазақстан» — қоғамның тазалығы әрқайсымыздың саналы шешімдерімізден басталады, — деді «Жаңа адамдар» өкілі Ерасыл Бауыржан.
Айта кетейік, қозғалыстың мәліметінше, AntiTrash азаматтық науқаны үш жылдан бері Қазақстанның әр өңіріндегі заңсыз қоқыс орындарын анықтап келеді. Биыл спутниктік мониторинг нәтижесінде Шымкент аумағында қалдықтарды заңсыз орналастырудың 46 орны анықталған.