1 қазан – Қарттар күніне орай Шымкентте 70 жастан асқан зейнеткерлерге біржолғы қаржылай көмек беріледі. Оның көлемі – 3 АЕК немесе 11 796 теңге.
Бұл – мегаполис қарияларына көрсетілетін жалғыз қолдау емес.
80 жастан асқан жалғызбасты қарттарға ай сайын 2 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленіп келеді.
Өткен жылдан бастап 70 жастан асқан тұрғындар қоғамдық көлікті тегін пайдалану құқығына ие болды.
Қалада 99 мыңнан астам зейнеткер бар.
Ал Астанада биыл Қарттар күніне орай зейнеткерлерге 2,5 АЕК (9830 теңге) көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Оны шамамен 100 мың зейнеткер алады.
Алматыда Қарттар күніне байланысты арнайы төлемдер қарастырылмаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әлеуметтік осал топтарға төленетін көмектің барлық өңірде бірдей болуын тапсырды. Бірыңғай стандарт осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әзірленуі тиіс.