KZNEWS.KZ
Білім

Шымкентте мұғалім мектеп терезесін жуам деп жарақат алды

Айжан Сыланова

Шымкентте мектеп мұғалімі кабинет терезесін тазалап жүріп, орындықтан құлап, жарақат алды. Оқиға Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектепте болған, деп хабарлайды kznews.kz.

Биология пәнінің мұғалімі Нұргүл Жаңғылбаева терезе жуу кезінде тепе-теңдігін жоғалтып, еденге құлаған. Оқиға мектептегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Жарақат алған ұстаз жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның басынан жеңіл жарақат алып, миы шайқалғанын және белі мен құйымшақ тұсы ауырғанын анықтаған.

Мұғалімнің айтуынша, терезе жуу педагогтің еңбек міндетіне кірмейді. Осыған байланысты ол мектеп басшылығының әрекетіне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

Ал мектеп директоры Бауыржан Қаработа мұғалімдерге кабинет ішіндегі терезелерді тазалау туралы айтылғанын растады. Алайда ұстаздарды бұл жұмысқа мәжбүрлемегенін алға тартты. Оның сөзінше, техникалық қызметкерлер кабинет ішіндегі терезелерді жумайды, ал оқушыларға мұндай жұмысты тапсыруға болмайды.

Көп жылдық тәжірибесі бар ұстаз Өмір Шыныбекұлы бұл жағдайды педагогтердің құқықтық сауаттылығы мен еңбек міндеттерінің нақты сақталуы мәселесімен байланыстырды. Оның пікірінше, мұғалім де, басшы да қолданыстағы заң талаптарын білуі қажет.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →