KZNEWS.KZ
Қоғам

Шымкентте қылмыс әлемінің серкесі "Дядя Ваня" ұсталды

• Айгерім Асылова
фото: ашық дереккөз

Шымкентте қалалық прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлерімен бірігіп қылмыстық ортада "Дядя Ваня" лақап атымен танымал Иван Геррды ұстады, деп хабарлайды kznews.kz

Бұл жолы Иван Геррге қатысты мәселе жергілікті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне келіп түскен ақпараттан кейін туындаған. Мәлімет бойынша, Иван Иванович өзінен жасы кіші тағы бірнеше азаматпен бірге қала тұрғынынан қарызын өндіріп алуға тырысқан.

Герр мен оның сыбайластары жәбірленушіні кездесуге шақырып, оған түрлі жолмен қысым көрсеткен. Нәтижесінде ер адамды 5 миллион теңге қарызы бар екені туралы қолхат жазуға мәжбүрлеп, өзінде болған ақшаның барлығын тартып алған.

Ер адам құқық қорғау органдарына арызданған. Осы факті бойынша "Өзінше билік ету" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерімен бірге Иван Геррді және басқа да күдіктілерді ұстады. Қазір оларға қатысты бұлтартпас шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →