KZNews.kz
Шоу-бизнес

Шымкентте белсенділер Тоқаевқа импичмент жариялауды талап етті

KZNEWS

19 сәуір күні Шымкент әкімдігіне жиналған жиырма шақты белсенді жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге қарсы шықты. Олар жер комиссиясының жұмысына көңілдері толмайтынын, комиссияны құрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялауды талап етті. Бұл туралы Азаттық жазды.

Белсенділер әуелі 24 сәуір күні Қазақстанда жерді сатуға, жалға беруге және жекеменшікке беруге қарсы митинг өткізетіні туралы әкімдікке хабарлама тапсырды.

Жиналғандар жер комиссиясын халық емес, президент Тоқаев сайлады деп санайды. Олар Жер комиссиясы ауыл шаруашылығынан бөлек жерлерді саудаға салуы мүмкін деп қауіптенеді. Жерді сатпау туралы жарлық шығару Тоқаевтың қолында деп есептейді.

"Мысалы, комиссияда тау-кен, орман орналасқан жерлерді сату не жалға беру дау болып тұр. Орман болсын, тау-кен болсын, бұл - жер. Жер сатылмауы керек" дейді белсенді Жанарбек Сейтінбек.

Наразылыққа шыққан белсенді Лесбек Байжанов "халықтың еншісіндегі жерді сату не жалға беру – мемлекеттік сатқындық. Мұндайда жер мәселесін шешпеген президент Тоқаевқа импичмент жариялау керек" деді.

Оның бұл пікірін наразылар бірауыздан қолдады. Жиналғандар Атырау облысы Құрманғазы ауданының Ресеймен шекаралас жатқан Көптоғай ауылы маңына орнатылған қоршаулар Қазақстанның шекарасы "әлі де бекітілмегенін көрсетеді" деді.

Полиция наразы топты сырттай бақылап тұрды. Әкімдіктен жиналғандардың алдына шықпады. Белсенділер "Шымкент Атыраумен бірге!", "Жер сатылмасын, жалға берілмесін!" деп айқайлап, кейін тарады.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары