Шерзат Полаттың досы сотта оқиға орнынан қашып кеткенін айтты

Оның айтуынша, Шерзатпен бір ауылда тұрады және бұрыннан таныс. Ал сотталушыларды мүлде танымайтынын айтты.
"Оқиға болған күні кешке Ахмет маған хабарласып, Шерзаттың дүкенде зат тасуға көмектесуімді сұрап жатқанын жеткізді. Сыртқа шыққан соң, біреулермен сөзге келіп қалғанын айтты. Дүкенге барғанда Шерзат жоқ болды. Онда Қаржаубай аға, Нұрқанат және тағы екі ересек адам болды. Нұрқанат аға бізге Шерзатқа хабарласып, кешірім сұрап, қайтсын деді. Біз оған хабарластық. Артынша көліктермен адамдар келді. Алдымен Golf маркалы көлік келді, артынша Hyundai көлігінен үш адам түсті. Кейін Mercedes көлігінің артқы жағынан үш ер адам мен екі әйел, алдыңғы жағынан тағы екі адам шықты. Олар мән-жайды тыңдамай жатып, Ахметті ұра бастады. Біреуі келіп, 'Сен ұрдың ба?' деп сұрады. Ахмет 'жоқ' деді. Сол сәтте оны беттен ұрды. Мен де соққы алдым, арыққа құлап түстім. Сол кезде шабуылдаушылардың қолында пышақ болғанын байқадым. Содан кейін қашуға мәжбүр болдық", – деп еске алды куәгер.
Ол жанжал басталғаннан кейін бірден қашып кеткенін, бірақ кейін қайта оралғанын айтты.
"Нақты кім айтқанын білмеймін, бірақ 'қашыңдар' деген дауыс естідім. Сол кезде досымды ертіп, бірге қаштық. Шамамен 15 минуттан кейін қайта келдік. Дүкен жанында Шерзаттың әжесін көрдік. Айналада көп адам жиналып қалған екен. Жердің бәрі қанға боялған еді", – деді Мирас Сейсенбай.