KZNEWS.KZ
Әлем

Шакира үшін Бішкекке барамыз: шетелдік билет сатып алушылардың арасында қазақтар көш бастады

• Асқар Алтайұлы
Фотоиллюстрация: Kznews

Жергілікті БАҚ мәліметінше, алғашқы күні концертке билеттерді 22 елдің азаматтары сатып алған. Барлық сатылған билеттің 77,32%-ы Қырғызстандағы сатып алушыларға тиесілі болса, қалған 22,68%-ын шетелдіктер алған, деп хабарлайды kznews.kz.

Шетелдік сатып алушылар арасында Қазақстан айқын басымдықпен бірінші орынға шыққан. Одан кейін Ресей — 13,08% және Өзбекстан — 3,8% тұр. АҚШ, БАӘ, Тәжікстан, Түркия, Германия, Қытай және Ұлыбританиядан да билет сатып алғандар бар. 80,01% көрсеткіші барлық сатылған билетке емес, тек шетелден жасалған сатып алуларға қатысты.

Шакираның концерті 18 қазанда Бішкектегі Bishkek Arena стадионында өтеді. Ресми билет сату сервисінде ең арзан билет 12 мың сомнан басталатыны көрсетілген. Бұл — шамамен 62 мың теңге.

Қырғызстан президент істері басқармасының жетекшісі Қаныбек Тұманбаев «Кабар» агенттігіне берген жауабында әншінің гонорарына мемлекеттік бюджеттен қаржы жұмсалмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, концертті жеке ұйым ұйымдастырып жатыр. Ал стадион мемлекетке тиесілі болғандықтан, қауіпсіздік пен ұйымдастыру мәселелері бақылауда болады.

Тұманбаев концерттің негізгі мақсаты туризмді дамыту екенін айтқан. Оның түсіндіруінше, шетелден келген көрермендер бірнеше күн аялдап, қонақүйге, мейрамханаға және көлікке ақша жұмсайды. Әлемдік жұлдыздың келуі Қырғызстанға назар аудартып, елдің туристік мүмкіндіктерін таныстыруға ықпал етеді.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →