Ресейдің Тува Республикасында серуендеуге шығып, із-түзсіз жоғалған екі оқушыны іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қызыл қаласында 1 шілдеден бері табылмай жатқан 13 жастағы екі қызға қатысты негізгі болжамды Тува ішкі істер министрі Юрий Завьялов айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің сөзінше, қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық ықтимал нұсқасын тексеріп жатыр. Алайда қазіргі таңда басты болжам – қыздардың суға кетуі мүмкін деген нұсқа.
Юрий Завьялов іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатқан аумаққа арнайы барып, жедел штаб құрылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Енисей өзенінде кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
"Біз барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта негізгі болжам – қыздар суға кеткен болуы мүмкін деген жорамал. Осыған байланысты жедел штаб құрылып, өзен аумағында іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен тергеу барысында басқа да ықтимал жағдайлардың бәрі жан-жақты тексеріледі. Нақты қорытынды жедел-іздестіру шаралары аяқталғаннан кейін жасалады", – деді Юрий Завьялов.
Министрдің бастамасымен іздеу жұмыстарына Қызыл епархиясының әлеуметтік бөлімінің жетекшісі, діни қызметкер Дмитрий әкей де қосылған. Ол құтқарушылармен бірге Енисей өзенінің аумағын тексеруге қатысып жатыр.
Іздестіру шаралары Қызыл қаласымен ғана шектелмей, Улуг-Хем ауданында да жалғасуда. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, бұл аймақта іздеу жұмыстарына 15 полиция қызметкері, 3 құтқарушы, аудан әкімдігінен 20 маман және 30 ерікті жұмылдырылған. Енисей өзенін шолу үшін бес қайық пайдаланылып жатыр.
Қазіргі уақытта полиция, төтенше жағдайлар қызметі, еріктілер және басқа да ведомство өкілдері өзен жағалауын, аралдарды және оған жақын аумақтарды мұқият қарап жатыр. Іздеу және жедел-іздестіру жұмыстары әзірге тоқтаған жоқ.