Сағина Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің жылдық асы өткенін айтып, жақын адамынан айырылудың ауыр екенін жазған.
Оның сөзінше, арада бір жыл өтсе де, әкесінің өмірден өткеніне әлі күнге дейін сену қиын.
"Бүгін әкемнің бір жылдық асы болды. Бірақ уақыттың өтуі сағынышты азайтпады. Бәрі әлі де түс сияқты. Әлі де сен жоқ өмірге үйрене алмай жүрмін…" – деп жазды Сағина Әшімова.
Ол жазбасында уақыт өткен сайын әкесіне деген сағынышы азаймағанын, оның орнын толтыру оңай болмай тұрғанын жеткізді.
Сағина Әшімованың жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Желі қолданушылары марқұм өнер қайраткерінің отбасына көңіл айтып, қызына жұбату сөздерін арнаған.
Асанәлі Әшімов кім?
Асанәлі Әшімұлы Әшімов – қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілі, актер, режиссер, педагог, КСРО халық әртісі және Қазақстанның Еңбек Ері. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайылма ауылында дүниеге келген.
1961 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын "Қазақфильм" киностудиясында бастап, кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында ұзақ жыл қызмет атқарды.
Асанәлі Әшімов қазақ киносының алтын қорына енген көптеген фильмде басты рөлдерді сомдады. Ол әсіресе "Қыз Жібек" фильміндегі Бекежан, "Атаманның ақыры" туындысындағы Шадияров және "Транссібір экспресі" фильміндегі Қасымханов бейнелері арқылы көрерменнің есінде қалды.
Театр сахнасында да актерлік шеберлігімен ерекшеленді. Ол "Абай", "Еңлік-Кебек", "Қара қыпшақ Қобыланды", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" секілді классикалық шығармаларда күрделі кейіпкерлерді сомдады. Өнер иесі актерлік қызметімен қатар режиссерлік және педагогикалық жұмыспен де айналысты. Ол қазақ театрындағы кәсіби актерлік мектептің дамуына үлес қосып, жас өнерпаздардың қалыптасуына ықпал етті.
Асанәлі Әшімов 1976 жылы Қазақ КСР халық әртісі, 1980 жылы КСРО халық әртісі атағына ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік сыйлықтармен және жоғары наградалармен марапатталды. 2017 жылы оған "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді.
Ол қазақ киносы мен театр өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, бірнеше буын көрерменнің құрметіне бөленген тұлғалардың бірі болды.
Асанәлі Әшімовтің қазасы
Асанәлі Әшімов 2025 жылы 21 желтоқсанда 88 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі растады.
Белгілі актердің қазасы қазақ мәдениеті мен өнері үшін ауыр жоғалту болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдап, оның ұлттық өнерге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Президент Асанәлі Әшімовтің бүкіл саналы ғұмырын театр мен киноға арнағанын, көптеген образдарды шебер сомдап, кейінгі буын өнерпаздарға бағыт-бағдар бергенін жеткізді.
2025 жылы 23 желтоқсанда Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өнер қайраткерімен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға марқұмның туыстары, достары, әріптестері, шәкірттері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ өнерсүйер қауым қатысты. Асанәлі Әшімов Алматы қаласындағы "Кеңсай-1" зиратына жерленді.