KZNews.kz
Спорт

Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысуымен болған жол апаты бойынша тергеу аяқталуға жақын

Ayzhan Sylanova

Қазақстандық танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу ісі аяқталуға жақын. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Вице-министрдің айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап жол қозғалысы ережесін бұзып, адам өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты жауапкершілікті белгілейді.

«Қазіргі таңда тергеу әрекеттерінің басым бөлігі аяқталды. Соңғы кешенді автотехникалық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Сараптама нәтижесіне қарай айып тағу және істі сотқа жолдау туралы шешім қабылданады», – деді Санжар Әділов.

Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, бұл іс қоғам назарында тұр. Оқиға кезінде спортшының жұбайының көлігі қатысқан жол апаты салдарынан адам өлімі тіркелген болатын.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары