KZNews.kz
Жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың жұбайы сот алдында: қорғаушы істі қайта тергеуге жіберуді сұрады

Қайсар Қанат
Ulysmedia.kz коллажы

Тараз қаласында өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты алғашқы сот отырыстары өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Айыпталушы Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның қорғаушысы қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтару туралы өтініш білдірді. Адвокаттың айтуынша, жүргізілген сараптама апаттың нақты себебіне біржақты жауап бермеген.

Қорғаушының сөзінше, іс материалдарында көліктің төрт дөңгелегі де зақымданғаны көрсетілген. Бұл жайт көліктің басқарылуына әсер етіп, жүргізушінің жол апатының алдын алуына мүмкіндік бермеуі мүмкін. Осыған байланысты қорғау тарапы қосымша кешенді сараптама тағайындауды сұрап отыр.

Гүлайым Рахмонова соттан өзінің ұстанымына түсіністікпен қарауды өтініп, өзі де жақын адамдарынан айырылып отырғанын айтты.

Прокурор бұл өтінішті қанағаттандыруға қарсы шықты. Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында айыпталушы кінәсін мойындаған, сондай-ақ барлық қажетті сараптамалар толық көлемде жүргізілген.

Сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Судья мұндай шешімді қазіргі кезеңде қабылдау ерте екенін атап өтті. Дегенмен қорғау тарапы негізгі сот талқылауы барысында бұл өтінішті қайта көтеруге құқылы.

Еске салайық, 2025 жылдың 28 шілдесінде Жамбыл облысында болған жол апаты салдарынан екі адам қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін зардап шеккендердің жағдайы туралы дәрігерлер мәлімдеген болатын. Алғашында Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова іс материалдарында қорғау құқығы бар куәгер ретінде көрсетілген. Алайда кейін ол айыпталушылар қатарына қосылып, сот алдына шықты.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →