Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті сатушылардың бір тауарға әртүрлі баға қоюға қашан құқылы екенін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашевтың айтуынша, егер сатушы бөліп төлеуді өз қаражаты есебінен ұсынса, ол тауардың бағасын көтере алмайды. Мұндай жағдайда сатып алушы төлейтін жалпы сома қолма-қол ақшамен сатып алғандағы бағамен бірдей болуы тиіс.
«Егер бөліп төлеу тікелей сатушы арқылы, банксіз рәсімделсе, баға өзгермеуі қажет. Ал бөліп төлеу банктің қатысуымен жасалса, онда банк комиссиясы мен пайыздарына байланысты баға қымбаттауы мүмкін», - деді Тағашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ол сондай-ақ, егер сатушы сатып алушыға бөліп төлеу кезінде бағаның өсетіні туралы алдын ала ескертпесе, бұл заң бұзушылық екенін мәлімдеді. Мұндай жағдайда азаматтарға Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағымдануға кеңес берді.
Ал егер кассадағы баға көрсетілген бағадан жоғары болып шықса және сатып алушыға алдын ала айтылмаса, бұл заң бұзу және бұған шағымдануға болады.