KZNews.kz
Саясат

"Самұрық-Қазына" басшысы үш жылда 800 миллион теңгеден астам табыс тапқан

Torgyn Abushakhman
Sk.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2022–2024 жылдар аралығында шамамен 800 млн теңге табыс тапқанын декларациялаған. Бұл туралы қордың топ-менеджерлерінің кірістері жөнінде жарияланған мәліметтерге сүйене отырып Ulysmedia.kz хабарлайды.

Декларацияға сәйкес, 2024 жылы Нұрлан Жақыповтың дербес салық салынатын табысы 197 259 412 теңгені құраған.

Ал 2023 жылы оның табысы 186 543 551 теңге болса,

2022 жылы бірден 422 182 000 теңгеге жеткен.

Осылайша, рекордтық 2022 жылдан кейін қор басшысының табысы азайғанымен, ол Қазақстандағы орташа жалақыдан әлі де бірнеше есе жоғары болып отыр.

Қордың басқарма мүшелері бойынша да деректер жарияланған. Атап айтқанда, даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Сәтжан 2024 жылы 8 273 745 теңге табыс тапқанын көрсеткен.

Бұл ретте қор басшысының табысы мен басқарма мүшесінің табысы арасындағы айырмашылық 20 еседен асады.

Бұған дейін желтоқсан айында «Самұрық-Қазына» қорының топ-менеджментіне төленетін сыйақылар туралы мәлімет жарияланған болатын. Қаржылық есепке сәйкес, қордың өзі мен оның еншілес компанияларындағы директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында 6 млрд 738 млн теңге табыс алған.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары