KZNews.kz
Білім

“Рилс түсір демейді, түн ортасы мазаламайды”: Асхат Аймағамбетов мұғалімдерден сүйінші сұрады

Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында ұстаздарға қатысты маңызды бастама көтергенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
 

Мәжіліс депутатының айтуынша, педагогтерді қызметтік міндетіне кірмейтін жұмыстарға жегу мәселесін шешуге бағытталған арнайы заң жобасы әзірленген. Атап айтқанда, мұғалімдерді әлеуметтік желіге рилс түсіруге мәжбүрлеу, жұмыс уақытынан тыс мезгілде түн ішінде WhatsApp арқылы жауап беруді талап ету, сондай-ақ есепті электронды және қағаз нұсқасында қатар тапсыру сынды артық жүктемелерден қорғау көзделіп отыр.

«Енді заң жобасын жұмысқа қабылдаймыз. Келесі аптадан бастап жұмыс тобында талқылауды бастаймыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Ұстаздар артық міндетпен емес, сапалы білім берумен және саналы ұрпақ тәрбиелеумен айналысуы тиіс», – деп жазды депутат Threads желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін де қоғамда мұғалімдердің қызметтік жүктемесіне қатысты сын-пікірлер жиі айтылып келген еді. Жаңа бастама осы мәселелерді заңнамалық деңгейде реттеуді мақсат етеді.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →