2026 жылғы 4 ақпанда Ресейдің Красноярск қаласындағы Орталық ауданға қарасты №153 мектепте 8-сынып оқушысы сынып бөлмесіне жанған отты шүберек лақтырып, артынша бірнеше оқушыны «балғаға ұқсас» затпен ұрған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оқиға жөнінде мектептен полицияға хабар түскеннен кейін, оқу орнына жедел қызмет өкілдері жеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім кабинет ішіне от тұтанып тұрған шүберек тастап, кейін оқушыларға соққы жасаған.
РИА Новости таратқан ақпаратқа сәйкес, шыққан өрт өрт сөндірушілер келмей тұрып-ақ ауыздықталған. Күдікті оқушы ұсталып, тергеу әрекеттері басталған.
Аймақтық денсаулық сақтау органдарының дерегінше, медициналық көмекке жүгінгендердің барлығы – кәмелетке толмағандар. Бес оқушы ауруханаға жеткізілген. Оның үшеуі күйік жарақатымен өлкелік аурухананың күйік орталығына жөнелтілсе, тағы екеуі орташа деңгейдегі жарақатпен (соның ішінде бас-ми жарақаты) №20 ауруханаға жатқызылған.
Мұғалімнің жағдайына қатысты мәліметтер әртүрлі. Кей дереккөздерде педагогтың да зардап шеккені айтылса, Минздрав «зардап шеккен бесеуі де – кәмелетке толмағандар» екенін нақтылаған.
Ресейдің Тергеу комитеті оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. РИА Новости мәліметінде баптар ретінде адам өлтіруге оқталу, салғырттық және қауіпсіздік талаптарына сай емес қызмет көрсету (соның ішінде күзет қызметіне қатысты) көрсетіледі. Тергеу мектептегі қауіпсіздік шараларының қалай ұйымдастырылғанын да тексермек.
Сондай-ақ «Настоящее Время» басылымы соңғы ай ішінде Ресей мектептерінде осындай оқиғалар жиілегенін айтады, Краснояр өлкесінде 3 ақпанда да мектеп ішінде өзге қақтығыс тіркелгенін жазды.