KZNEWS.KZ
Әлеумет

Ресейде обадан адам қайтыс болды деген ақпарат тарады: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

• Жарқын Омаров
Фото:depositphotos.com

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысындағы аса қауіпті инфекцияға күдікке қатысты жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Көліктің барлық түрлерінен ауру белгілері немесе дене қызуы жоғары адамдар анықталмаған.

Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға таралу қаупі төмен.

"Ресейлік мамандар қазір эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өлімі әзірге этиологиясы белгісіз пневмония ретінде қарастырылуда. Оба диагнозы ресми түрде расталған жоқ", - делінген хабарламада.

Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қазіргі уақытта олардан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық талдау нәтижелері теріс.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

Обаға қарсы институт қызметкері неден қайтыс болды?

Ресейдің Иркутск облысында оба таралуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда Роспотребнадзор өңірде оба ауруы анықталмағанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, обаға қарсы институт қызметкері этиологиясы анықталмаған пневмониядан қайтыс болған.

Марқұммен байланыста болған 197 адам медициналық бақылауға алынған. Олардың ешқайсысынан ауру белгілері анықталмаған, зертхана нәтижелері теріс шыққан.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →