Ажырасудың көбеюі мен отбасы институтының әлсіреуі әлем елдерінде үлкен проблемаға айналып отыр. Мұның соңы мемлекет ішіндегі әлеуметтік-экономикалық тығырыққа әкелуі мүмкін екен. Және бұл қауіп Қазақстанмен көрші елдерде де байқала бастады.
Мысалы, көрші Ресейдің әлеуметтанушы ғалымдары дабыл қаға бастады. Социолог-психолог, ғылым докторы Людмила Баранскаяның мәліметінше, қазіргі Ресейде тіркелген әр 10 некеге 8 ажырасудан келеді. Яғни, орыс елінде отбасы институты әлсіреп, неке одағы дағдарыс белгілерін көрсетуде. 2025 жылы ел ажырасу саны бойынша әлемдегі алғашқы үштікке енген.
Зерттеулер нәтижесінде белгілі болғандай, отбасындағы экономикалық қиындықтар, тұрмыстық жүктеменің тең бөлінбеуі және тұрақты стресс ерлі-зайыптылар арасындағы қатынасты әлсіретіп отыр-мыс. Соның салдарынан күйзеліс пен депрессия жиілеп, көптеген жұп ажырасуға бет бұруда.
Сонымен қатар, Ресейде алғаш рет жалғыз тұратындар саны отбасылар санынан асып түсті. Қазір халықтың шамамен 42 пайызы саналы түрде некеден бас тартып, жеке өмір сүруді таңдаған.
Мамандар мемлекет тарапынан отбасыны қолдау шаралары жеткіліксіз, бұл жағдай демографиялық өсімге де кері әсер етуде деген пікір айтып, дабыл қағып жатыр.
Жалпы, бұл жағдай Қазақстанда да мәз емес. Біз бұғанға дейін мәлім болған статистикалық деректерді саралай келе елдегі әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады деп жазған едік. Өйткені, былтырғы нақты дерек бойынша елде 115, 9 мың неке тіркелген екен. Осы некенің 45,7 мыңы қайта ажырасқан.